Германияда биыл аптап ыстықтан 9,8 мыңға жуық адам көз жұмды
АСТАНА. KAZINFORM – Германияда биыл аптап ыстық салдарынан қайтыс болғандар саны 9 800 адамға жетіп, 2016 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш тіркелді, деп хабарлайды DW.
Мұндай мәліметті елдің Роберт Кох атындағы институты (RKI) апта сайынғы есебінде жариялады.
19 шілдедегі жағдай бойынша ыстыққа байланысты өлім-жітім саны 9 800-ге жеткен. Бұл – 2016 жылдан бері кез келген толық жылдағы көрсеткіштен жоғары. Мамандар мұны жаздың басында елді қамтыған ұзаққа созылған аптап ыстықпен байланыстырады.
2026 жылғы ең ауыр кезең маусымның екінші жартысы болды. Осы уақытта елдің көптеген өңірінде ауа температурасы +40°C-қа дейін көтеріліп, бес мыңнан астам адам қайтыс болған.
RKI мәліметінше, аптап ыстыққа ең осал топ – егде жастағы адамдар. Қаза болғандардың 7 880-і 75 жастан асқандар. Сондай-ақ қайтыс болғандардың арасында әйелдер ерлерге қарағанда көп болған. Алайда мамандар мұны егде жастағы тұрғындар арасында әйелдердің үлесі жоғары болуымен түсіндіреді.
Бұған дейінгі ең жоғары көрсеткіш 2018 жылы тіркелген. Сол жылы аптап ыстықтың салдарынан шамамен 8 900 адам көз жұмған.
Сарапшылардың айтуынша, ыстықтың өзі сирек жағдайда өлімнің тікелей себебі болады. Көп жағдайда жоғары температура созылмалы аурулармен қатар келіп, адам өміріне қауіп төндіреді.
Өз кезегінде Германияның ауруханалар қауымдастығы медициналық мекемелердегі салқындату жүйелерін шұғыл жаңғырту қажеттігін мәлімдеді. Ұйымның дерегінше, қазіргі уақытта Германия ауруханаларындағы палаталардың аз ғана бөлігі кондиционерлермен немесе басқа да салқындату құралдарымен жабдықталған.
Айта кетелік климаттың өзгеруі салдарынан Германияда оңтүстік жыландары көбейіп барады.