Германияда «Элли» циклонының әсерінен қалың қар жауып, көктайғақ болады
АСТАНА. KAZINFORM — Синоптиктердің болжауынша, бүгін «Элли» циклонының салдарынан Германияда қалың қар жауып, көктайғақ болады, деп хабарлайды BILD.
Билік пен төтенше жағдайлар қызметі көлік кептелісі туралы ескертіп, тұрғындарды мүмкіндігінше үйде болуға шақырады.
Германия канцлері Фридрих Мерц бастаған Христиан-демократиялық одағының (CDU) басқармасы қолайсыз ауа райына байланысты Майнцте 9-10 қаңтарға жоспарланған жабық отырысты соңғы сәтте кейінге қалдырды. Шараға 350-ге жуық қатысушы мен 100-ге жуық журналист келеді деп жоспарланған болатын.
— Ауа-райының қолайсыздығы қазірдің өзінде көлік қызметін тоқтатты. Жоспарланған 1090 рейстің 120-сы Франкфурт әуежайында, 35-і Мюнхенде және 30-ы Берлин-Бранденбург әуежайында тоқтатылды. Штутгарт әуежайында ұшақты мұздан тазарту үшін бірнеше рейс кейінге қалдырылды. Теміржолда да мәселелер туындады: Франкфурт аймағында кейбір пойыздар тоқтап, біразы 30 минутқа дейін кешігіп жатыр, — деп хабарлады Deutsche Bahn.
Біршама елді мекенде мектептер уақытша жабылды, кейбір сабақтар онлайн режимге көшті. Циклонның әсерінен жарақат алатындардың көбейетінін ескерген ауруханалар дайындық жұмыстарын бастап кетті. Құзырлы орындар барар жері жоқ адамдардың қауіпсіздігіне алаңдап, олар үшін уақытша жылы баспаналар ашып жатыр.
Неміс метеорологиялық қызметінің хабарлауынша, циклон ең алдымен елдің шығыс бөліктеріне, соның ішінде Харц тау жотасына, сондай-ақ Бремен мен Гамбург арасындағы аумаққа әсер етеді.
Синоптиктер Германияның басым бөлігінде қалың қар жауады деп болжайды. Бүгін таңертең елдің оңтүстігі мен батысында қар жауып, екпінді желдің әсерінен қардың соңы жаңбырға ұласады. Метеорологтар бұл жағдайды «нағыз метеотриллер» деп атады, сондықтан азаматтарға жолға шығуға болмайтынын ескертіп, сапардан бас тартуға кеңес береді.
Екі күн бұрын Францияда қалың қардың салдарынан жолдар жабылып, рейстер кешіккен болатын.