Германияда қарақшылар тапа тал түсте-ақ банк сейфтерін ашып кеткен

АСТАНА. KAZINFORM — Германияның солтүстігіндегі Штур қаласында орналасқан Volksbank банк бөлімшесінде белгісіз біреулер 14 сейфті бұзып ашқан, деп хабарлайды DW.

банк
Фото: Kai Moorschlatt/dpa

Полицияның хабарлауынша, қылмыскерлердің жеке тұлғалары әзірге анықталған жоқ. Сондай-ақ нақты не ұрланғаны да белгісіз. Банкте барлығы 728 сейфтік жәшік бар, олардың ішіндегі заттар тек клиенттерге ғана мәлім.

— Біз жәшіктердің ішінде не болғанын айта алмаймыз. Клиенттердің онда не сақтағаны бізге беймәлім, — деп мәлімдеді полиция өкілі DPA агенттігіне.

Бөлімшедегі 728 сейфтің 14-і бүлінген. Қарақшылар қалған 714 жәшікке тиіспеген.

Полицияның деректеріне сәйкес, қылмыс жергілікті уақыт бойынша 12:00 мен 14:00 аралығында жасалған.

Куәгерлер түске таман банк маңында тұрақта тұрған көлікке қарай бет алған көк түсті комбинезон киген үш ер адамды көргендерін айтқан.

Түскі үзілістен кейін банк қызметкері жертөле қабатына түсіп, өткір иісті сезіп, өзін жайсыз сезінген. Есіктерден белгісіз сұйықтық табылған. Төтенше қызмет өкілдерінің айтуынша, ол денсаулыққа қауіп төндірмейді.

Аймақтық NDR телеарнасының хабарлауынша, банктің екі қызметкеріне медициналық көмек қажет болған.

Бұл қарақшылық Гельзенкирхенде болған ірі ұрлықтан бір айдан сәл ғана уақыт өткен соң болып отыр. Ол жерде қылмыскерлер банк қоймасына бұрғыланған тесік арқылы кіріп, шамамен 30 миллион еуро ұрлап кеткен.

Еске сала кетсек, қаңтар айында Нидерландыдағы күміс музейден 300-ден астам экспонат қолды болды.