Германиядағы қылмыстық топтар түрік кәсіпкерлеріне қысым көрсетіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Түркия Германияда ұйымдасқан қылмыстық топтар тарапынан қауіп-қатердің, бопсалау мен шабуылдардың артқанын мәлімдеп, екі елдің құқық қорғау органдары арасындағы ынтымақтастықты күшейтуге шақырды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі.

Германияда қылмыстық топтар түрік кәсіпкерлеріне қысым көрсетіп келеді
Фото: hurriyetdailynews.com

Анкара Германиядағы түрік қылмыстық топтарының белсенділігі артып, түрік текті кәсіпкерлерге қысымды күшейткеніне алаңдаушылық білдірді.

Түріктің hurriyetdailynews басылымының хабарлауынша, Берлин мен Солтүстік Рейн-Вестфалия штаты сияқты бірнеше аймақта бопсалау, қоқан-лоққы жасау, өртеу және қарулы шабуылдар тіркелді.

Түркия ішкі істер министрі Мұстафа Чифтчи телефон арқылы сөйлескен кезде неміс әріптесі Александр Добриндтпен жағдайды талқылады. Түрік тарапы ұйымдасқан қылмыстық топтардан төніп тұрған қауіп-қатердің артып келе жатқанына тоқталып, «жаңа буын қылмыстық ұйымдармен» күресте Германиямен ынтымақтастықты кеңейтуге және неміс полициясын түрік диаспорасын қорғауға белсенді түрде қатысуға шақырды.

Ең белсенді топтардың қатарында «Daltons», «Caspers», «Sarals» және «Bayğaras» аталады. Түркияның тәуелсіз өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер қауымдастығы (MÜSİAD) мүшелеріне қатысты жағдайларды қоса алғанда, 60-тан астам бопсалау дерегі тіркелген.

Соңғы оқиғалардың бірі сәуір айының басында Нюрнберг қаласында болды: бопсалаушыларға ақша төлеуден бас тартқаннан кейін түрік кәсіпкерінің көлігі мен жылжымайтын мүлкі өртелген.

Түркия билігінің мәліметінше, Германияда 18 қылмыстық топпен байланысы бар 32 адамға іздеу жарияланған. Күдіктілердің жартысы ұсталғанымен, Түркия қалғандарын қамауға алып, экстрадициялауды талап етті.

Айта кетейік, Түркияның Әділет министрлігі ашылмай қалған қылмыстарды қайта зерделеуге бағытталған реформаны қолға алды.