Германияда қосалқы станциядан шыққан өрт жарықтың жаппай сөнуіне себеп болды

АСТАНА.KAZINFORM — Германияның оңтүстік-батысындағы Рейтлинген қаласында электр қосалқы стансасындағы өрттен кейін электр жарығында үлкен іркіліс болды, деп хабарлайды DW.

Германияда қосалқы станциядағы өрт жарықтың жаппай сөнуіне себеп болды
Фото: Christoph Schmidt/dpa/picture alliance

Германияның Ішкі істер министрі Александер Добриндт өрттің шығуына «жоғары ықтималдықпен қасақана өрт қою себеп болғанын» мәлімдеді.

Оның айтуынша, тергеу үшін маңызды іздер анықталған.

— Қазір негізгі күш-жігер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, қылмыскерлерді табу үшін жан-жақты тергеу жүргізуге бағытталған, — деді министр.

Баден-Вюртемберг федералдық жерінің Ішкі істер министрі Мануэль Хагель бұл іске қатысты «қасақана өрт қою және қоғамдық мекемелердің жұмысына кедергі келтіру» күдігі бар екенін айтты. Оның сөзінше, тергеумен мемлекеттік қауіпсіздік полициясының арнайы бөлімшесі және жергілікті қылмыстық істер жөніндегі басқарманың терроризмге қарсы орталығы айналысып жатыр.

— Кінәлілер заң талаптарына сәйкес қатаң жауапқа тартылады, — деді министр Ройтлинген қаласында.

Тергеушілер өрттің шынымен қасақана қойылғанын немесе тіпті террористік әрекет болған-болмағанын анықтап жатыр. Алайда оқиғаға түпкілікті баға беруге әлі ерте екенін, тергеу барлық бағыт бойынша жалғасып жатқанын атап өтті.

Өз кезегінде Штутгарттағы қылмыстық полиция басқармасының өкілі өрт қою кезінде жанғыш зат қолданылған болуы мүмкін екенін хабарлады.

Ройтлингендегі өрт электр қуатының жаппай өшуіне себеп болды

8 маусымға қараған түні Штутгарттың оңтүстігіндегі Ройтлинген қаласында электр қосалқы станциясындағы екі трансформатор өртенді. Жарты сағаттан кейін өрт оқшауланып, сол түні толық сөндірілді.

Алайда салдарынан электр желілерінде ауқымды ақау туындады. Ең қиын кезеңде қаланың өзінде және оған жақын елді мекендерде шамамен 20 мың үй жарықсыз қалды. Мануэль Хагельдің мәліметінше, электр қуатының үзілуі 7 600 ғимаратты қамтып, шамамен 40 мың адамға әсер еткен.

Ройтлинген мэрі Томас Кектің айтуынша, жарықтың өшуі қалалық аурухана жұмысына да әсер еткен. Оның сөзінше, бұл адамдардың өміріне қауіп төндірген және «мұны ақтауға болмайды».

Күн ішінде кейбір аудандарда электр қуаты қайта қосылды. Хагельдің айтуынша, полиция маңызды инфрақұрылым нысандарының маңындағы бақылауды күшейтеді. Сондай-ақ түнгі уақытта жарықсыз қалған аудандарда қосымша патрульдер жұмыс істейді.

Бұған дейін Германияда әлеуметтік желіде канцлерді балағаттағандарға айыппұл салына бастағаны туралы жаздық.