Германияда құс тұмауы өршісе, жұмыртқа мен құс еті тапшы болуы мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM – Құс шаруашылығы саласының өкілдері билік індеттің таралуын тоқтату шараларын қабылдамаса, Германияда жұмыртқа мен құс еті тапшылығы туындауы мүмкін екенін ескертті. Күз мезгілінде бұл індеттен 200 мыңнан астам құс қырылған, деп хабарлайды DW.

Германияда құс тұмауы өршісе, жұмыртқа мен құс еті тапшы болуы мүмкін
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform

Неміс фермерлері елде құс тұмауының таралуы кесірінен жұмыртқа мен құс еті тапшылығы болуы мүмкін екенін ескертті. Фридрих Лёффлер институтының мәліметінше, осы күзде ел бойынша 200 мыңнан астам тауық, қаз, үйрек және күркетауық індеттен қырылған. Бұл туралы 25 қазан, сенбі күні Германияның Құс шаруашылығы өнеркәсібі орталық одағы (ZDG) хабарлады.

ZDG президенті Ханс-Петер Гольдниктің айтуынша, қазіргі кезде вакцинация стратегияларын талқылау, ЕО деңгейінде жануарлар саулығына қатысты заңнамаға өзгерістер енгізу және халықаралық саудада ашықтықты қамтамасыз ету қажет. Ол басқа елдер вакцина салынған құстардан алынған өнімді импорттаудан бас тартып жатқанын айтты.

Гольдник дефицит тек құс өлімі ұзақ уақыт жоғары деңгейде сақталып, билік індеттің таралуын тоқтата алмаған жағдайда ғана туындауы мүмкін екенін атап өтті. Оның пікірінше, әзірге жағдай толық бақылаудан шыққан жоқ.

Ғалымдардың болжамы: құстардың қырылуы әлі де жалғасады

Зерттеушілердің мәліметінше, Германияда құс тұмауы жыл бойы тіркеліп келеді, бірақ күзгі маусымда құстардың көші-қоны індеттің жаппай таралуына себеп болады. FLI деректеріне сәйкес, күздің екі айында 200 мыңнан астам үй және жабайы құстар — тауық, күркетауық, қаз және үйрек індеттен қырылған немесе індетті жұқтырған соң фермерлер оларды өлтірген.

2025 жылы ел бойынша 50 құс фермасында вирус таралуы тіркелді, оның 26-сы тек қазан айында анықталған. Алдын алу шаралары аясында 5 мыңнан 93 мыңға дейін құс жойылған.

Сарапшылардың айтуынша, бұл үрдіс әлі де жалғасуы мүмкін, өйткені маусымдық көші-қон әлі аяқталған жоқ.

FLI мамандары эпидемияның көлемі 2020–2021 жылғы қыс маусымындағыдай болуы ықтимал екенін жоққа шығармайды. Ол кезде Германияда екі миллионнан астам құс індеттен қырылған.

Мәселені шешу жолдары

Баден-Вюртемберг жерінің Құс өсірушілер қауымдастығының өкілі Георг Хайтлингер барлық аймақ үшін бірыңғай ережелер енгізіп, құстарды тек жабық қораларда ұстауды ұсынды.

Tagesschau басылымының жазуынша, бұл шара тіпті еркін жайылымда жүрген құстарға да қатысты болуы мүмкін.

Мыңдаған тырна қырылды

Биылғы індет әсіресе тырналарға ауыр тиді. Алдын ала мәлімет бойынша, оңтүстікке қоныс аударар кезде шамамен екі мың тырна қырылған. Сарапшылардың айтуынша, дәл биылғы жылдағыдай тырналардың қырылуы тіркелмеген. Оның үстіне көшу маусымы әлі аяқталған жоқ, сондықтан өлім-жітімнің артуы әлі де мүмкін.

Айта кетелік Германияның солтүстігінде құс тұмауы өршіп баратыны туралы жазған едік

Соңғы жаңалықтар