Германияда мыңдаған адам демократияны қолдау акциясына қатысты
АСТАНА. KAZINFORM – Саксония-Анхальт федералды жері парламентіне сайлау қарсаңында Германияның Магдебург қаласында өткен «Демократия фестиваліне» бірнеше мың адам қатысты, деп хабарлайды DW.
Полиция мәліметінше, Магдебург соборының алдындағы алаңға шамамен 6 мың адам жиналған. Акцияны «Саксония-Анхальт – әлемге ашық» альянсы ұйымдастырды.
Фестиваль басталар алдында қатысушылар Магдебургтің басты теміржол вокзалынан Собор алаңына дейін шерумен жүрді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияның мақсаты – өңірдегі демократияны, алуан түрлілікті және адамдардың бір-біріне құрметпен қатар өмір сүруін қолдау.
Іс-шараға музыкант Себастиан Крумбигель, «Юли» тобы, жазушы Каролин Эмке және климаттық белсенді Луиза Нойбауэр қатысты.
Жалпы, 5 қыркүйекте Магдебургте сегіз қоғамдық акция өткізу жоспарланған. Олардың қатарында «Демократия үшін жарықтар тізбегі» акциясы мен «Демокрадтур» велошеруі болды. Сонымен қатар бірқатар саяси партиялардың сайлау алдындағы қорытынды іс-шаралары өтті.
Саксония-Анхальт жер парламентіне сайлау 6 қыркүйекке белгіленген.
3 қыркүйекте жарияланған «Цет-Де-Эф» телеарнасының сауалнамасына сәйкес, «Германия үшін балама» партиясы 41 пайыз дауыс алуы мүмкін. Христиан-демократиялық одаққа – 23 пайыз, Солшылдар партиясына – 11,5 пайыз, Германияның социал-демократиялық партиясына – 8,5 пайыз, «90/Жасылдар одағына» 6 пайыз дауыс берілуі ықтимал.
Сонымен қатар «Цет-Де-Эф» телеарнасы сауалнама нәтижелері сайлаушылардың қазіргі кездегі көңіл күйін көрсететінін және дауыс беру қорытындысының болжамы болып табылмайтынын атап өтті.