Германияда сәуір айында күн энергиясы негізгі электр энергия көзіне айналды

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылдың сәуірінде Германияда күн энергиясы елдің басты электр энергия көзіне айналды. Бұл – Еуропаның ірі экономикасы үшін жаңартылатын энергияға көшу жолындағы тарихи кезең, деп жазды Reuters агенттігі.

Германияда сәуір айында күн энергиясы негізгі электр энергия көзіне айналды
Фото: Reuters

SolarPower Europe ұйымының деректері бойынша, Германияда сәуір айында шамамен 11 920 ГВт·сағ (гигаватт-сағат) күн электр энергиясы өндірілді, бұл 2024 жылдың сәуірімен салыстырғанда 31%-ға және 2023 жылмен салыстырғанда 60%-ға жоғары көрсеткіш.

Бұл өсім күн панельдерін орнату көлемінің күрт артуымен байланысты. 2019 жылдан бері елдегі күн энергиясы қуаты 90%-ға ұлғайып, 2024 жылы 15 ГВт қосылғаннан кейін жалпы қуаттылығы 90 ГВт-қа жетті.

Сәуірде күн энергиясы Германиядағы жалпы электр өндірісінің 32%-ын құрады, ал өткен жылдың сәуірінде бұл көрсеткіш 23% болған.

Ауа райы мен маусымдық ерекшеліктерге байланысты күн энергиясы сәуір мен тамыз айлары арасында ең жоғары көрсеткішке жетеді. Егер мамырдан тамызға дейін күн энергиясы электр өндіруде көш бастаса, бұл тарихта алғаш рет күн энергиясының бес ай қатарынан бірінші орын алуы болмақ.

Түнгі уақытта күн энергиясы қолжетімді болмаған кезде, көмір мен табиғи газбен жұмыс істейтін электр станциялары өндірісті қамтамасыз етті.

Нәтижесінде:

• Көмірмен өндірілетін энергия көлемі – 44%-ға,
• Газбен өндірілетін энергия – 26%-ға өскен.

Бұған қоса, 2025 жылдың алғашқы айларында жел энергиясының көлемі 31%-ға азайған еді.

Күн энергиясын тиімді пайдалану үшін Германия аккумуляторлық энергия сақтау жүйелерін белсенді түрде дамытып жатыр. Бұл энергияны күндіз жинап, түнде тұтынуға мүмкіндік береді, әрі көмір мен газға тәуелділікті төмендетеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін ЕО жел мен күн энергиясының рекордтық көлемін өндіріп жатқанын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар