Германияда жаңа жылдан бастап міндетті медициналық сақтандыру қымбаттайды
АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылы Германияда медициналық сақтандыру компанияларына төленетін жарна өседі, деп хабарлайды BILD.
Бұл туралы Германиядағы ең ірі сақтандыру компанияларының бірі Techniker Krankenkasse басшысы Йенс Баас мәлімдеді.
Оның айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі шығындарды қысқартуға бағытталған шаралар пакетін жүзеге асыра алмаған, ал сақтандыру кассалары өз резервтерін қайта толықтыруы тиіс.
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі қосымша жарнаны 2,9% деңгейінде сақтап қалуды жоспарлаған. Алайда денсаулық сақтау саласындағы шығын табысқа қарағанда жылдам өсіп отыр. Сонымен қатар, мемлекеттік медициналық сақтандыру кассалары заң бойынша белгілі бір қаржылық резервке ие болуы міндетті.
— Менің ойымша, жылдың басында қосымша жарна 3%-дан сәл асады. Кейбір кассалар жарнаны жыл сайынғы әдеттегі циклден тыс уақытта да көтеруге мәжбүр болады, — деді Techniker Krankenkasse басшысы Йенс Баас.
Баас денсаулық сақтау жүйесінің барлық саласында шығынды азайту үшін ауқымды реформа жүргізу қажет екенін атап өтті.
— Медициналық сақтандыру кассаларынан бастап, амбулаториялық дәрігерлер мен ауруханаларға дейін, бүкіл жүйеде түбегейлі өзгеріс жасауымыз керек, — деді ол.
Айта кетелік Германияда қаңтар айында әскерге шақырудың жаңа жүйесі күшіне енеді.