Германиядағы қандастар Наурыз мерекесін қалай тойлайды
АСТАНА. KAZINFORM — Германиядағы қазақ диаспорасы үшін Наурыз мерекесі — бас қосып, береке-бірлікті нығайтатын ерекше күндердің бірі. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Кёльн қаласындағы қазақ мәдени орталығының төрайымы Маржан Пишкинель айтып берді.
Оның айтуынша, Кёльн қаласындағы қазақтар Наурыз мерекесін мүмкіндігіне қарай ұйымдастырып тұрады.
Мерекені өткізу туралы шешімді орталықтың төралқа мүшелері бірлесіп қабылдайды. Дайындық барысында мерекеге арналған зал жалданып, шақыру қағаздары дайындалады, сондай-ақ Германиядағы қазақ консулдықтары мен елшілік өкілдеріне шақыру жіберіледі.
— Қоғамның белсенді апалары Наурыз көже дайындап, келген қонақтарға түрлі тағам ұсынылады. Сусындар да беріледі. Биыл алғаш рет мерекелік кешті ақылы түрде өткізуді жоспарлап отырмыз. 10 жасқа дейінгі балаларға кіру тегін болады, — деді Маржан Пишкинель.

Мерекелік кештің бағдарламасында қазақ әндері орындалып, Қазақстаннан арнайы әнші шақыру жоспарланған. Кеш соңында қонақтар үшін би кеші ұйымдастырылып, қазақ және түрік тілдеріндегі әндер шырқалады.
Іс-шараға Кёльн қаласы мен оның маңында тұратын қазақтар, Қазақстаннан келген студенттер, қоғам мүшелері және қазақ халқының салт-дәстүріне қызығушылық танытқан жергілікті тұрғындар қатысады. Сонымен қатар балаларға арналған ойындар мен түрлі жарыстар өткізіліп, сыйлықтар таратылады.

Маржан Пишкинельдің айтуынша, Кёльн қаласында 1982 жылы құрылған «Кёльн қазақ мәдени орталығы» бүгінде ресми түрде жұмыс істеп келеді. Қоғамның шамамен 80 мүшесі бар.
Жалпы қалада 150-200-ден астам қазақ отбасы тұрады. Германиядағы қазақтардың басым бөлігі кезінде Түркиядан жұмыс бабымен қоныс аударған азаматтар мен олардың ұрпақтары.
Осыған дейін Моңғолиядағы қазақтар Наурыз мейрамын қалай тойлайтынын жазғанбыз.