Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Германиядағы орман өрті 390 гектарға жуық аумақты шарпыды

АСТАНА. KAZINFORM – Германияның солтүстігіндегі Мюриц ұлттық саябағында шыққан орман өрті шамамен 388 гектар аумақты шарпыды. Өртті сөндіруге Бундесвер әскери қызметшілерін қоса алғанда 370-ке жуық адам жұмылдырылды, деп хабарлайды БЕЛТА.

в
Фото: Yonatan Sindel/Flash90

Өрт туралы алғашқы хабарлама дүйсенбі күні түскен. Осы уақыт ішінде билік жақын маңдағы бірнеше ауылдың тұрғындарын бірнеше рет эвакуациялады.

Өрттің кең таралуына ұзақ уақыт бойы жауын-шашынның болмауы әсер етіп отыр. Бұған қоса, батыстан соққан жел жалынның күшеюіне себеп болуда. Мамандардың болжамынша, демалыс күндері тілсіз жау шығыс және оңтүстік-шығыс бағытта одан әрі таралуы мүмкін.

– Өртті сөндіру жұмыстары бұл аумақта бұрынғы кеңестік әскери полигонның орналасуына байланысты күрделеніп отыр. Себебі жарылмай қалған оқ-дәрілердің қаупі әлі де сақталған. Сондықтан өрт сөндірушілер негізінен арнайы техника кіре алатын әрі құтқарушылар үшін қауіпсіз саналатын шығыс бөлікте жұмыс жүргізіп жатыр, – деп жазды басылым.

Мюриц ұлттық саябағының аумағы 322 шаршы шақырымды құрайды. Оның басым бөлігін қарағайлы орман алып жатыр. Сондай-ақ саябақ аумағында 107 көл, оның ішінде Мюриц көлінің бір бөлігі орналасқан.

1945-1993 жылдар аралығында қазіргі қорықтың бір бөлігі Кеңес армиясының әскери полигоны ретінде пайдаланылған.

Айта кетейік, бұған дейін Германиядағы аптап ыстықтан 5 мыңнан астам адам көз жұмғаны хабарланған болатын.