Германиядағы пойыз апаты: үш адам қаза тауып, 34 жолаушы жарақат алды
БЕРЛИН. KAZINFORM – Баден-Вюртемберг федералды жерінде болған теміржол апатында үш адам қаза тауып, 34 адам түрлі жарақат алды, деп хабарлайды BILD басылымы.

Жексенбі күні кешкісін жолаушылар пойызы рельстен шығып кеткен.
– Deutsche Bahn компаниясына тиесілі аймақтық экспресс пойыздың екі вагоны рельстен шығып кетті, – делінген Штутгарт полициясының өкілі BILD-ке берген мәлімдемесінде.
Пойыз Зигмаринген қаласынан Ульм бағытына қарай бет алған. Апат кезінде пойызда 100 жолаушы болған. Пойыздың бір бөлігі аударылып жатыр, бір вагонның төбесі ашылып кеткен. Рельстен толық шығып кеткен вагондар ағаштардың арасынa құлаған. Оқиға орнында полиция, өрт сөндірушілер мен құтқарушылар жұмыс істеп жатыр.
Алдын ала болжам бойынша апаттың себебі күшті найзағай болуы мүмкін.
Полицияның мәліметінше, апатқа ұшыраған – Ульм бағытына бет алған аймақтық пойыз. Төтенше жағдай туралы алғашқы хабарлама сағат 18:10-да түскен.
Федералды полицияның баспасөз хатшысы апаттың нақты себебі әлі анықталып жатқанын хабарлады.
Апат болған маңда тұратын әйел BILD басылымына берген сұхбатында оқиға кезінде қатты найзағай болғанын айтқан. Алайда бұл ақпаратты полиция әзірге растамады.
Бұған дейін Германияда 400 жолаушысы бар пойыз туннель ішінде бірнеше сағат тұрып қалғанын жаздық.