Германиядағы қазақ суретшісі Астанада жеке көрме ашты

АСТАНА. 16 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Қазіргі заманғы өнер мұражайында суретші Болат Мекебаевтың «Аспанға қарай ұмтылыс» атты жеке көрмесі ашылды.
None
None

Көрмеге автордың 25-ке тарта кескіндемелік туындылары қойылған. Бұның алдында суретшінің көрмелері Алматыда және туған жері - Көкшетау қаласында өткен болатын.

Болат Мекебаев - Көкшетау қаласының тумасы. 1998 жылдан бері Берлинде тұрады. Ол Абай атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің көркемсурет-графика факультетінде кәсіби кескіндеме тәсілдерін меңгеріп, одан кейін Мәскеуде Н.И. Корниловтың шығармашылық шеберханасында бірнеше жыл оқып, жұмыс істеген.

Ол 15 жылдан бері Германия елінде тұрады. Бүгінде суретші өзінің белсенді шығармашылығымен Қазақстан мәдениетін Еуропаның мәдени кеңістігінде насихаттап, ілгері жылжытып жүр. Берлин, Ганновер, Мюнхен, Майндағы Франкфурт, Остервинка қалаларында және Польша, Эстония елдерінің түрлі галереяларында 17 жеке көрме өткізді. Германия, Италия, Қазақстан, Нидерланды және Ресейде он екі топтық көрмеге қатысты.

«Болаттың шығармалары көрерменді мәңгілік тақырыптарға - өмірдің қылыштың сабындай қысқалығы мен мәні туралы ойлануға мәжбүрлейді.  Болаттың шығармашылығы - қазіргі заман талабына сай және классикалық сюжеттерден жалыққан жұртшылыққа дәстүрлі қазақ мәдениеті мен еуропалық дүниетанымның қосындысын құрайды», - дейді суретшінің аталмыш көрмесін Астанада ұйымдастыруға ұйытқы болған «OYU» галереясының директоры, профессор, Қазақстан мәдениетінің еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Шалабаева.

Көрме 20 мамырға дейін жұмыс істейтін болады.

Соңғы жаңалықтар