Германиядан келген дәрігер талдықорғандыққа тегін ота жасады
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Талдықорғанда алғаш рет заманауи әдіспен жүрекке ота жасалды. Жетісулық мамандар Германиядан келген профессормен бірлесіп жасаған отаның сәтті өткенін мәлімдеді.
Қараша айының басында Жетісуда аритмияға (жүрек ырғағының бұзылуы) шалдыққан Талдықорған қаласының тұрғыны орталыққа жүгінген. Тексеру барысында науқастан митральдік клапанның 3-4 дәрежедегі жетіспеушілігі, жүрек ырғағының бұзылысы, жүрекше фибирлляциясы анықталған. Кейін оған криоабляция әдісімен ота жасалып, жүрегіне митральды қақпақша протезі орнатылған.
Кардиолог дәрігерлердің айтуынша, жоғары технологиялық бұл әдіс жүректің белгілі бір аймақтарын жоғары температурада мұздату арқылы емдейді, бұл дәстүрлі тәсілдерге қарағанда асқыну қаупін төмендетеді және науқастың қалыпты өмір салтына оралуын жылдамдатады екен.
«Мұндай ота бізде бұрын-соңды болмаған. Жаңа технологиялар қолдану арқылы криоабиляция деп жатырмыз ол жүрек ырғағын салқындату арқылы үлкен минустық температураларда -60, -65 градусқа дейін салқындатып, жүректің өткізгіштігін бір қалыпқа келтіру. Отаны Германияның Гамбург қаласынан келген профессор Ханкемен облыстық кардиоорталықтың директоры Нұрсан Сейітұлы бірігіп жасады», — дейді кардиолог Дәурен Әлібеков
Әдістің басты артықшылығы жүрек ырғағының бұзылуын қауіпсіз әрі тиімді қалпына келтіру. Айта кетейік құны 3 млн теңгеден асатын мұндай күрделі ота міндетті әлеуметтік сақтандыруы бар адамдар үшін тегін жасалады.
Еске салайық осыған дейін Талдықорғанда тұңғыш рет жіті лейкоз қатерлі ісігіне шалдыққан науқастың жазылып шыққанын жазғанбыз.