Германияның батысында болған жарылысқа заңсыз пиротехника себеп болуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM – Германияның Солтүстік Рейн–Вестфалия жеріндегі Бохум қаласында көпқабатты тұрғын үйдің бірінші қабатындағы пәтерде жарылыс болды, деп хабарлайды BILD.
Полиция мәліметінше, оқиға 31 желтоқсанға қараған түні болған. Сол сәтте пәтер ішінде 48 жастағы әйел мен оның 46 жастағы танысы болған. Екеуі де зардап шекпеген, алайда уақытша ұсталған.
BILD дерегінше, жарылыстың себебі қолдан жасалған петардалар болуы мүмкін.
Көрші пәтерде тұратын 70 жастағы әйелге жедел медициналық көмек қажет болған. Оны оқиға орнында реанимациялауға тырысқанымен, кейін ауруханаға жеткізілген. Дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, зейнеткер көз жұмды.
Қазіргі уақытта полиция оның өлімі мен жарылыстың арасында тікелей байланыс бар-жоғын анықтап жатыр.
Соққы толқынының күшті болғаны соншалық, жарылыс болған пәтердің терезесі бекітпелерінен жұлынып, көшеге құлаған. Полицияның ресми нұсқасына сәйкес, жарылыстың нақты себебі әзірге анықталған жоқ.
Осы орайда Еуропа елдерінде пиротехникалық бұйымдардың қауіптілігі туралы мәселе көтеріліп жатыр. Мәселен, Нидерланд парламенті 2026 жылдан бастап петардалар мен отшашуларға тыйым салу туралы шешім қабылдады.