Германияның бұрынғы қаржы министрі Facebook-тегі алаяқтардың құрбаны болды
АСТАНА. KAZINFORM — Германияда алаяқтар Шлезвиг-Гольштейн жерінің бұрынғы қаржы министрі Райнер Вигардтың Facebook-тегі аккаунтын бұзып кірген, деп хабарлайды BILD.
Қаскөйлер аккаунттың атауын «Snow Highmountains» деп өзгертіп, саясаткердің суретінің орнына әйел адамның фотосын қойған. Кейін олар Вигардтың атынан қолданушыларға хабарлама жібере бастаған.
Оның достарының қатарында Шлезвиг-Гольштейн жерінің премьер-министрі Даниэль Гюнтерді қоса алғанда, белгілі саясаткерлер болғандықтан, жалған аккаунт көпшілікке сенімді көрінген.
Алаяқтар кең таралған «романтикалық алаяқтық» (love scam) тәсілін қолданған. Бұл әдісте қаскөйлер өзін романтикалық қарым-қатынас орнатқысы келетін адам ретінде таныстырып, жәбірленушінің сеніміне кірген соң, шұғыл мәселені сылтауратып ақша сұрайды.
Шлезвиг-Гольштейн полициясы танымал адамдар мен ұйымдардың аккаунттары алаяқтар үшін ерекше тартымды нысана екенін ескертті.
Райнер Вигардтың айтуынша, ол Facebook желісін көптен бері пайдаланбаған және аккаунтының бұзылғанын тек BILD басылымының сауалынан кейін ғана білген. Осыдан кейін ол полицияға арыз түсірді.
Еске салайық, Қарағанды облысында егде жастағы азаматтарды алдап, олардың ақшасын иемденген алаяқ 4 жыл, 7 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Өзін жәбірленушілердің шетелде тұратын туыстары ретінде таныстырып, түрлі сылтаумен ақша алған күдікті 10 зейнеткерге шығын келтірген.