Германияның кеден қызметі мүсін ішінен 1 миллион еуроның есірткі затын тапты
АСТАНА. KAZINFORM — Германиядан Канада мен Австралияға жөнелтілген бақша гномы мүсіндерінің ішінен 25 келі кетамин шықты. Кеденшілер заңсыз жүкті Кёльн/Бонн әуежайында тәркіледі, деп хабарлайды DW.
Кеден қызметінің мәліметінше, заңсыз жүк 1 миллион еуроға бағаланады.
— Есірткі шамамен бір ай бұрын Германияның оңтүстігінен Канада мен Австралияға жіберілген 4 сәлемдемені рентгендік тексеру кезінде табылған. Атап айтқанда, пішіні анық өзгерген бақша гномдарының аяқтары күдік туғызды, — деді Кёльн кеден басқармасының өкілі Йенс Аланд.
Кетаминді Кёльн кедені тәркілеген
DPA мәліметінше, кетамин Еуропадан әлемнің басқа бөліктеріне жиі тасымалданады.
Өткен жылы Кёльндегі кеден қызметкерлері құны 54 миллион еуро болатын 1,3 тонна кетаминді тәркілеген. Бір апта бұрын Кёльн кеденшілері А3 автобанында Франкфурт-на-Майне бағытында келе жатқан голланд таксиіндегі жолаушы, 36 жастағы британдық азаматтың жүгінен 33 келі кетамин тапты. Есірткі салынған 30 пакетті жасыру үшін оларды сыйлық қағазына ораған.
Еске сала кетейік, былтыр өзбекстандық кеденшілер 2,8 тоннадан астам есірткі мен психотроптық заттарды тәркілеген болатын.