Германияның Киль қаласы коммуналдық жұмысшылар ереуілінен кейін қоқысқа толды
АСТАНА. KAZINFORM – Шлезвиг-Гольштейн жерінің астанасы Кильде қалалық қоқыс шығару қызметі өткен сәрсенбіден бері ереуілде. Салдарынан қала көшелері қазірдің өзінде қоқысқа толды, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Үлкен қаланың ластануы туралы жергілікті Bild басылымы жазды.
Қалалық қоқыс таситын көліктер осы аптаның жұмасына дейін жұмысқа шықпаса, бұл қоқыс шығаруда тоғыз күндік үзілісті білдіреді.
Жергілікті тұрғын Андре неміс басылымына берген сұхбатында: «Қоқыс жәшіктеріне түсіп, қоқысты лақтырмақ болған кезде адамның үстінен секіретін егеуқұйрықтар әсіресе қорқынышты», - деп шағымданды.
Кейбір тұрғындар қалдықтарын өздері қайта өңдеу бекеттеріне апарып жүр – онда ұзындығы 300 метрге дейін кезек пайда болды. Бұл жағдай созылуы мүмкін, себебі жұмадан кейін демалыс күндері болады, ол күндері қоқыс шығарылмайды.
Мүдделер қақтығысы Германияда жалғасып жатқан тұрғын үй және коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің ереуілімен байланысты. Verdi кәсіподағы жалақыны 8 пайызға, бірақ 350 еуродан кем емес өсіруді талап етіп отыр. Ереуіл қалдықтарды жинауға ғана емес, сонымен қатар балабақшаларға, ауруханаларға, тіпті әуежайларға да әсер етті.
Осыған дейін Германияның алты федералды жерінде қоғамдық көлік жұмысшыларының наразылық шеруі өткені туралы хабарладық.