Ги Пармелан: Қазақстан – Швейцарияның Орталық Азиядағы басты серіктесі

АСТАНА. KAZINFORM – Швейцария Федералды Кеңесінің вице-президенті Ги Пармелан Kazinform агенттігіне берген эксклюзивті сұхбатында Қазақстан қалайша Берннің Орталық Азиядағы басты серіктесіне айналғанын атап өтті. Қазіргі поляризация жағдайындағы сенім архитектурасының негізгі тәсілдері мен екіжақты байланыстың цифрлық технологиялардан су дипломатиясына дейінгі жаңа бағыттарына тоқталды.

Ги Пармелан
Фото: Швейцарияның Экономикалық істер, білім және зерттеулер федералды департаменті

- Қазақстан мен Швейцария берік әріптестікті ұстанады. Екіжақты байланыстың қазіргі деңгейі әлеуетімізді толық аша алып отыр ма? 

- Қазақстан Азия мен Еуропаның ортасындағы заманауи көлік дәлізінің (Транскаспий халықаралық көлік бағыты, «Орта дәліз» - ред.) бел ортасында жатыр. Бұл көлік және логистика саласындағы ынтымақтастықтың мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Швейцария теміржол саласында озық өнімдердің түр-түрін ұсына алады. Мен Stadler Rail компаниясының Қазақстанда өзі жеткізген вагондарға техникалық қызмет көрсететін орталық құру бағытындағы ынтымақтастығын жоғары бағалаймын.

Су менеджменті және су инфрақұрылымы салаларында жұмыс істейтін швейцариялық компаниялар Қазақстанның инфрақұрылымдық жобаларына қатысып, тәжірибе алмасуға айтарлықтай қызығушылық танытып отыр.

Біз Қазақстаннан уран импорттау арқылы ядролық энергетика саласындағы ынтымақтастыққа жол аштық. Біздің компаниялар ядролық қалдықтарды басқару, ядролық тәуекелдерді сақтандыру саласындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге мүдделі. Қазақстандық студенттер Швейцариядағы ядролық энергетика саласындағы білім беру бағдарламаларын да пайдалана алады.

Біздің компаниялар коммерциялық қызмет пен шетелдік инвестициялар үшін тұрақты ортаны, яғни құқықтық кепілдіктер, зияткерлік меншікті қорғау және деректер қауіпсіздігін күтеді. Осы орайда Қазақстан Үкіметінің келешегі зор бағыттарды көздейтін қадамдарын құптаймын. Швейцариялық компаниялар Қазақстанда 2022 жылдан басталған ауқымды реформалардың барысын мұқият қадағалап отыр.

- Швейцарияның инвестициялық, техникалық мүмкіндіктері өзіңіз айтқан Орта дәлізге не бере алады?

- 2021 жылы Швейцария үкіметі жеке сектормен бірлесіп Team Switzerland Infrastructure бастамасын іске қосты. Ол бастама швейцариялық компанияларды ірі халықаралық инфрақұрылым жобаларына, әсіресе тұрақтылық, техникалық мінсіздік пен инновацияларды біріктіретін жобаларға кіріктіруге ықпал етеді.

Бастамаға Швейцарияның Федералды құрылымдарынан бөлек Swissmem және Swissrail қауымдастықтары, suisse.ing инженерлері мен сәулетшілер қауымдастығы, Швейцарияның SERV экспорттық тәуекелдерін сақтандыру агенттігі және Switzerland Global Enterprise (s-GE) экспортты жылжыту агенттігі тартылған.

Team Switzerland Infrastructure қазақстандық ұйымдар мен швейцариялық компаниялар арасында тікелей байланыс орнатуға ықпал ете алады. Бастама аясында швейцариялық компаниялар көлік, энергетика, су ресурстары, қалдықтарды басқару салаларындағы тәжірибелерін бөлісуге дайын. Көлік саласындағы швейцариялық компаниялар теміржол, қала көлігіне, әуежайға, автомобиль жолдарына, порттарға, көпірлер мен туннельдерге жоғары инновациялық шешімдерді ұсынады.

- Әлем жікке бөлініп жатқанда Қазақстан мен Швейцария дипломатиясы басқа мемлекеттер үшін үлгі бола ала ма?

- Швейцария да, Қазақстан да халықаралық құқыққа бой ұсыну, диалогке құрылған байланыс әлемнің гүлденген келбетін сақтайтынына сенеді. Қазір таласып-тартысқан әлемде «әуелі өзіме» деген тәсіл үстемдік құрып тұр. Бұл халықаралық ынтымақтастық пен бірлескен шешімдерді талап ететін жаһандық мәселелерге жауап табуға ықпал ете алмайды. Осы тұрғыда Қазақстан мен Швейцария сияқты елдердің араағайындық рөлі ерекше сұранысқа ие болып отыр. Қазақстан сияқты Швейцария да көпжақты жүйені, көпжақты бастамаларды қолдайды.

- Қазақстан мен Швейцарияның озық цифрлық технологияларды дамытудағы болашағы қандай?

- Мен Қазақстанмен озық цифрлық технологиялар саласында әріптестік орнатудың айтарлықтай әлеуеті бар екеніне сенімдімін. Екі ел де жасанды интеллект, жоғары өнімді есептеуіш техника және сенімді цифрлық инфрақұрылым экономикалық өсу, инновациялар мен мемлекеттік қызметтер үшін стратегиялық активтер екенін түсінеді.

Өткен айда Луганодағы Plan B форумы кезінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев пен Лугано мэрі цифрлық технологиялар, ЖИ, финтех және цифрлық экономика саласындағы ынтымақтастықтың алғашқы перспективалары талқыланды.

Цифрлық шешімдерді энергетика, логистика және денсаулық сақтау сияқты секторларда бірлесіп ілгерілетудің әлеуеті зор.

- Швейцария және Blue Peace бағдарламасы Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне су ресурстарын бірлесе басқаруды жүйелеу мен аймақтық ынтымақтастықты нығайту бағытында не бере алады?

- Судың бейбітшілік пен тұрақтылықты, өңірлік ынтымақтастықты қамтамасыз етудегі рөлі зор. Швейцария Blue Peace бастамасын 2010 жылы іске қосты. Орталық Азияда 2017 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бастаманың Орталық Азияға қатысты бөлігі бірлескен шешімдер мен диалогтың, тұрақты дамуға құрылған су басқару жүйесін жетілдірудің тұғырына айналды. Швейцария бұл бастаманы мақтан тұтады және оның Орталық Азия халқына одан әрі де елеулі пайда әкелетініне сенімді.

- Harvest Agro, Swiss Re сияқты ірі швейцариялық компаниялардың Қазақстанның аграрлық саласына миллиондаған доллар инвестиция салу ниеті, яғни екі елдің ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастығы туралы не айтар едіңіз?

- Бірнеше швейцариялық компания Қазақстанға мал шаруашылығы өнімдерін экспорттауға қызығушылық танытып отыр. Бұл тұрғыдан біздің сарапшылар Қазақстанды әлеуеті артып келе жатқан нарық ретінде бағалады. Әсіресе, сүт өнімдері мен сүтті сиыр тұқымын экспорттауға мүдделі. Қазірдің өзінде бірнеше швейцариялық компания еліңізге тыңайтқыштар жеткізіп отыр.

Швейцария билігі екіжақты байланыстарды нығайтуды, тікелей сауданы дамытуды және елдеріміз арасындағы тәжірибе алмасуды құптайды.

- Екі елдің университеттері мен ғылыми-зерттеу институттары арасындағы серіктестіктің жаңа бағыттары туралы не ойлайсыз, яғни студенттер мен жас мамандар алмасу бағдарламалары кеңейтілуі мүмкін бе?

- Швейцарияның білім беру жүйесі университеттер мен ұйымдар арасында, жеке зерттеушілер арасында тікелей ынтымақтастық дамытуға аса қолайлы.

Қазақстан мен Швейцария арасындағы ғылыми байланыстар берік болып қала береді және түрлі құрал арқылы кеңей түспек. Ғылыми зерттеулер саласындағы ынтымақтастық, ең алдымен шетелдік зерттеушілерге арналған үкіметтік стипендиялар арқылы, сондай-ақ конкурстық негізде қаржыландырылатын бірлескен жобалар (Швейцария Ұлттық ғылыми қоры, ЕО-ның ғылыми зерттеулер жөніндегі негіздемелік бағдарламалары) арқылы зор қолдауға ие бола алады.

Айта кетейік, бүгін Астанаға Швейцарияның вице-президенті Ги Пармелен келеді. Осы орайда, Kazinform тілшісі екі ел арасындағы қарым-қатынастың негізгі бағыттары мен болашағын саралап көрді.

Соңғы жаңалықтар