Ғылым министрі «Алтын Орда» жөнінде: жастар Есенберлиннің шығармаларын оқығаны жөн
АСТАНА. KAZINFORM – Оқу-ағарту және Ғылым министрлері оқушылар мен жастарға жақын арада оқып шығуға болатын маңызды туындылардың тізімін жасады.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек оқушылар мен жастарға Ілияс Есенберлиннің кітаптарын оқуға кеңес берді.
- Бірінші кезекте «Алтын Орда» тарихи трилогиясын оқып шыққан жөн. Жақында елімізде «Алтын Орда — дала өркениетінің моделі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумды өткіздік. 23 елден осы тақырыпты зерттеп жүрген 350 маманды шақырдық. Жалпы, қазір осы алып империяны зерттеуге кіріскен ғалымдар көп, яғни батыс елдері мен Оңтүстік-Шығыс Азияда байқалып отыр. Сондықтан Ілияс Есенберлиннің еңбектерінде сол кезеңдегі оқиғалар өте жақсы әрі қызықты жазылған. Бұл кітаптарды бала кезімде оқыған едім және ондағы құнды деректерді жеткілікті деңгейде түсінбеппін. Жақында «Алтын Орданы» қайтадан оқып шықтым, - деді С. Нұрбек Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар Ғылым министрі шетелдік жазушылардың арасынан Генри Киссинджер мен Эрик Шмидтің жасанды интеллект тақырыбындағы кітабын оқуға болатынын айтты.
Өз кезегінде Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қазір Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті жазушы әрі ойшыл Әбіш Кекілбайұлының шығармашылығын қайта оқып жатқанын жеткізді.
- Мұнымен қоса, Джонатан Хайдтың «Мазасыз ұрпақ» кітабын оқыдым. Бұл туындада әлеуметтік желіде отыратын оқушылар мен жасөспірімдердің психологиясы зерттелген, - деді министр.
Бұдан бөлек Оқу-ағарту министрі Кай-Фу Лидің жасанды интеллект тақырыбындағы кітабын оқуға кіріскенін атап өтті.
Еске салсақ, жақында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды.