Ғылым және өндіріс: Қазақстанның тау-кен саласына қандай жаңа технологиялар енгізілді

АСТАНА. KAZINFORM — Соңғы бес жылда тау-кен саласының ірі кәсіпорындары ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға 150 миллиард теңге инвестиция салып, 1,5 мыңнан астам жобаны іске асырған. Бұл туралы Үкімет отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев айтты.

Соколов-Сарыбай тау-кен өндіру бірлестігі АҚ
Фото: Соколов-Сарыбай тау-кен өндіру бірлестігі АҚ

Оның айтуынша, бұл жобалар нақты өндірістік міндеттерді шешуге бағытталған.

— Ғылыми зерттеулер қазақстандық және шетелдік ғылыми ұйымдар мен инженерлік компанияларды тарту арқылы, ірі кәсіпорындардың өз ғылыми-зерттеу орталықтарында жүзеге асырылады, қажет болған жағдайда қосымша басқа ғылыми ұйымдар да қатысады, — деді Е. Нағаспаев.

Министр сәтті жүзеге асырылған жобаларды да атап өтті. Аяқ-Қожан, Ақтоғай, Алмалы кен орындары, Қоңырат қалдық үйінділері мен Бозшакөл фабрикаларында құрамында мысы төмен шикізатты өңдеуге арналған комбинирленген технология қолданылады. Бұл жылына 50 мың тоннадан астам катодты мыс өндіріп, жылына 350 миллион доллар көлеміндегі өнімді нарыққа шығаруға мүмкіндік береді.

Ал «Берқара» кешенінде ұнтақтап шығару технологиясы қолданылады. Бұл кәсіпорынды жобалық қуатқа шығарып, жылына 5 мың тонна катодты мыс өндіруге мүмкіндік берді.

Сонымен бірге, Қаратау кен орынында құрамында ванадий бар кварциттерді гидрометаллургиялық өңдеу жүргізіліп, ванадийді 85 пайыздан, молибденді 77 пайыздан жоғары деңгейде алуға мүмкіндік берді.

Бұғыты кен орында шеелит рудаларын өндіру және өңдеу технологиясы қолданылуда. Нәтижесінде вольфрам рудаларын өңдейтін зауыт іске қосылып, жылына қосымша 100 тоннаға дейін вольфрам триоксиді алынады.

Балқаш мыс балқыту зауытында жанама компоненттерді кешенді алу үшін қалпына келтіретін электрбалқыту технологиясы әзірленді. Бұл жылына мың тоннадан астам асыл металл шлактарын өңдеуге мүмкіндік береді.

«Жезқазғанредмет» зауытында жылуға төзімді никель қоспаларының қалдығын қайта өңдеу технологиясы енгізіліп, рений өндірісі 10 есе артты. Оған қоса, никель, кобальт және басқа легирлеуші элементтер алынуда.

— Жалпы салада цифрлық трансформацияға, стартаптарды қолдауға және заманауи технологияларды енгізуге бағытталған инновациялық экожүйе қалыптасуда. 500 кәсіпорынның технология деңгейіне бағалау жүргізіліп, оның нәтижесі бойынша өндірістік процестерді жаңғыртуға қатысты 23 ұсыныс әзірленді. Цифрлық технологияны енгізу бойынша 240 қызметкер оқытылды. Жасанды интеллектті енгізу жол картасы аясында өндірісте ЖИ қолданатын 11 пилоттық жоба іске асырылды, — деді Е.Нағаспаев.

Айта кетейік, елдегі кәсіпорындардың инновацияға жұмсаған шығыны төрт жарым есеге өсіп, 1,9 триллион теңгеге жетті. Тереңде орналасқан, дәстүрлі әдістермен анықталмайтын жасырын кен орындарын іздеу үшін инновациялық геохимиялық әдіс енгізіліп жатыр.

Ғылыми жетістіктер көрсеткішін облыс әкімдерінің рейтингтеріне қосу қажет. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов айтты.