Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Huawei өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Huawei өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.

Меморандумға қол қою ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек бастаған Қазақстан делегациясының Қытайға ресми сапары аясында өтті. Сапар кезінде делегация Huawei басшылығымен кездесті, компанияның маңызды нысандарын аралады және ары қарайғы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.

Huawei-дің Шэньчжэньдегі штаб-пәтерінде Қазақстан делегациясы компанияның озық инновацияларымен, соның ішінде цифрлық сыныптарға арналған инновациялық шешімдері мен бұлттық платформаларымен танысты. Сапар барысында делегация компанияның заманауи технологияларын зерттеп, Huawei-дің инновациялық шешімдері көрсетілген көрме залын, Huawei Cloud деректерді өңдеу орталығын және Дунгуандағы HUAWEI зерттеу және әзірлеу орталығын аралады. Ерекше назар Smart Classroom – цифрлық сыныптардың заманауи тұжырымдамасын таныстыруға бөлінді.
Сонымен қатар Huawei вице-президенті Ли Цзюньфэн және Huawei Kazakhstan бас директоры Макс Чжаомен жоғары деңгейдегі кездесу өткізді. Бұл басқосуда ынтымақтастықтың одан әрі перспективалары мен серіктестік қатынастарды дамытудағы негізгі бағыттар талқыланды. Сапардың шарықтау шегі – Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Huawei арасында өзара түсіністік туралы меморандумға салтанатты түрде қол қойылуы болды.
«Huawei Қазақстандағы АКТ саласындағы таланттарды дамытуға үлесін қосуды жалғастырады. Сонымен қатар біз Ғылым және жоғары білім министрлігімен және университеттермен ақылды сыныптар мен ақылды кампустар саласында ынтымақтастықты бастағанымызға қуаныштымыз. Біздің мақсатымыз – Қазақстандағы білім беруді цифрландыруға ықпал ету», - деп мәлімдеді Huawei Kazakhstan компаниясының бас директоры Макс Чжао.

Меморандум аясында 2025 жылы ақылды сыныптардың пилоттық жобалары жүзеге асырылады. Ынтымақтастық туралы келісім ең үздік студенттерге Huawei-де тағылымдамадан өту және халықаралық байқауларға қатысу сияқты бірегей мүмкіндіктер береді. Сондай-ақ компания жұмысқа орналасуға жәрдемдесу және түлектерді елдің цифрлық экономикасына сәтті интеграциялау мақсатында жұмыс жәрмеңкелерін ұйымдастырады.

Huawei-мен ынтымақтастық жаңа буын мамандарын дайындауға, сонымен қатар Қазақстанның цифрлық экономика саласындағы халықаралық ұстанымын нығайтуға негіз болады. Бұл қадам білім деңгейін арттыруға және бәсекеге қабілетті білім экономикасын құруға бағытталған мемлекеттік цифрландыру стратегиясын жүзеге асырудың маңызды буыны саналады. Жоба Қазақстанның озық технологиялар мен АКТ саласындағы заманауи дағдыларды дамытуға бейілділігін айқын көрсетеді, бұл елдің цифрлық трансформациясының табысты болуындағы негізгі факторға айналып отыр.