Ғылым және жоғары білім министрлігі жалған дипломның жолын кесу үшін бірыңғай база құрды
АСТАНА. KAZINFORM – Кейінгі уақытта интернет кеңістігінде жалған дипломдар туралы түрлі ақпарат кең таралып отыр. Осыған байланысты ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі дипломдардың заңсыз айналымына тосқауыл қою үшін бірқатар нақты шара қабылдады.

Министрліктің мәліметінше, бүгінде 1991 жылдан бері берілген жоғары білім туралы дипломдардың бірыңғай базасы жасақталған. Аталған базаға қазіргі таңда 3 миллионнан астам дерек енгізілді. Бұл жұмыс 2018 жылдан бері кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
– 2021 жылдан бастап барлық жоғары оқу орыны (азаматтық емес және медициналық ЖОО-ларды қоспағанда) білім туралы заңнамаға сәйкес өзіндік үлгідегі дипломдарды беріп жатыр. Олардың түпнұсқалығын Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы – EPVO арқылы тексеруге болады, - деді Ғылым және жоғары білім министрлігіне қарасты Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова.
Комитет басшысының айтуынша, министрлік өзіндік үлгідегі дипломдардың мазмұнына қойылатын негізгі талаптарды, сондай-ақ диплом сериясын бекітеді. Диплом нөмірі мен QR-коды арнайы модуль арқылы EPVO жүйесінде генерацияланады. Бұл қызметке тек сол жүйеде тіркелген, жауапты ретінде тағайындалған ЖОО қызметкерлеріне ғана қолжетімді.
– Егер EPVO жүйесінде білім алушы туралы мәлімет болмаса, диплом нөмірін генерациялау мүмкін емес. Генерацияланған нөмірі мен QR-коды жоқ дипломдар жарамсыз болып есептеледі, - деді Гүлзат Көбенова.
Сонымен қатар EPVO жүйесінде жұмыс берушілерге арналған арнайы модуль іске қосылған. Оның көмегімен кез келген жұмыс беруші өзіндік үлгідегі дипломдарды, сондай-ақ бұрынғы мемлекеттік үлгідегі дипломдардың түпнұсқалығын тексере алады.
Министрлік өкілі жалған дипломдарды дайындау және сату фактілерін анықтау бойынша Мәдениет және ақпарат министрлігімен, сондай-ақ Ішкі істер министрлігімен бірлесіп тұрақты негізде жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
– Жалған құжат жасағаны үшін заңнамада 2 000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл не 2 жылға дейін бас бостандығынан шектеу немесе айыру жазасы көзделген. Ал жалған құжатты пайдаланғандар 160 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді немесе 40 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алынады, - деді комитет төрағасы.
Айта кетейік, биыл оқу жылында елімізге 31 500 шетелдік студент келгенін жазғанбыз.