Ғылыми жобаларды іріктеу жүйесі қайта қаралады — Саясат Нұрбек

АСТАНА. KAZINFORM – Ғылым саласындағы жобаларды іріктеу мен қаржыландыру тетіктері жетілдіріліп, бірқатар рәсімдік өзгерістер енгізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.

Саясат Нұрбек
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Баспасөз мәслихаты барысында журналистер Мемлекет басшысының ғылым саласына қатысты сыны жөнінде сұрақ қойды. Министр бұл сынның орынды екенін айтты.

– Мемлекет басшысы көтерген мәселе орынды. Қазіргі таңда сараптау сүзгілері мен жобаларды іріктеу тетіктері толық жұмыс істемей отырған тұстар бар. Соның салдарынан ғылыми жаңалығы бар, негізделген жобалардың бәрі бірдей қаржыландыру кезеңіне жете бермейді. Сондықтан бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр, – деді ол.

Министрдің айтуынша, 2023 жылдан бері министрлік, Ғылым қоры, ведомстволық ұйымдар және Ғылым комитеті шамамен 15 рет тексеруден өткен. Соның ішінде соңғы тексеруді Бас прокуратура жүргізген.

– Барлық анықталған кемшіліктер ескеріліп, бірнеше жұмыс жоспары әзірленді. Сонымен қатар 2023 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп, тәуекелдерге сыртқы талдау жүргізілді. Нәтижесінде 1344 тармақтан тұратын жоспар әзірленді, – деді министр.

Оның айтуынша, «Ғылым туралы» заңға түзетулер Мәжіліске енгізіліп, қазір қаралып жатыр. Құжат қабылданғаннан кейін көптеген рәсімдік мәселелер қайта қаралады.

Саясат Нұрбек ғылыми қауымдастық жиі көтеретін мәселелердің бірі – конкурс рәсімдерінің ұзақтығына да тоқталды.

– Ашығын айтқанда біз ғалымдардың уақытын жоғалтып отырмыз. Сондықтан енді ғылыми жобалар бойынша міндеттемелер келісімшартқа қол қойылған сәттен бастап есептеледі. Мысалы, келісімшарт қазан айында жасалса, 36 айлық мерзім сол уақыттан басталады, – деді ол.

Министрдің айтуынша, мұндай жүйелі шешімдер ғылым саласындағы проблемаларды азайтуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бұған дейін Үкімет отырысында ғылыми жетістіктер көрсеткішін өңір әкімдерінің рейтингіне қосу қажеттігі айтылған еді.