Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Ғимараттың сейсмикалық төзімділігін қалай білуге болады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты ресми сауалымызға жолдаған жауабында сейсмикалық аймақтардағы нысандардың зілзалаға төтеп беру деңгейі қалай анықталатынын мәлімдеді.

сейсмикалық төзімділік
Фото: ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

Институт мәліметінше, аумақтың сейсмикалық қауіптілігі сейсмикалық, инженерлік-геологиялық және гидрогеологиялық жағдайлардың жиынтығы бойынша айқындалады.

– Оны бағалау кезінде ықтимал сейсмикалық әсерлердің қарқындылығы, топырақтардың сипаттамалары мен қасиеттері, аумақтың геоморфологиялық ерекшеліктері, жер бедері, жерасты суларының деңгейі мен орналасу жағдайлары, сондай-ақ ғимараттар мен құрылыстарға сейсмикалық әсер ету сипатына ықпал етуі мүмкін өзге де факторлар ескеріледі. Осыған байланысты нақты учаскенің сейсмикалық қауіптілік дәрежесін тек онда орналасқан ғимараттардың сапасы немесе техникалық жай-күйі негізінде анықтау мүмкін емес және құрылыс аумағының тікелей сипаттамаларын ескеруді талап етеді, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар, Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты үйдің немесе әкімшілік нысандардың сейсмикалық төзімділігін қалай білуге болатынын түсіндірді.

– Нақты ғимарат туралы, оның ішінде жобалау шешімдері, сараптамадан өтуі, объектіні пайдалануға қабылдау және оның пайдалану кезіндегі жай-күйі туралы ресми мәліметтерді алу үшін азаматтар тиісті құжаттамасы бар мемлекеттік органдарға, жергілікті атқарушы органдарға, меншік иелері мен пайдаланушы ұйымдарға жүгінуі қажет, – делінген ресми жауапта.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда Қазақстан - Қытай жер сілкінісін зерттеу орталығы ашылғанын жазғанбыз.