Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Гипертонус, бала тілінің кеш шығуы: остеопатия медицинада мойындалған ба

АСТАНА. KAZINFORM – Балалардағы гипертонус, сөйлеуінің кешеуілдеуі мен босану жарақатының салдарын остеопатия арқылы емдеуге бола ма? Бұл сауалға ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Жандос Әділхан жауап берді.

балалар остеопаты
Фото: Kazinform / ЖИ

Kazinform тілшісі министрліктен остеопатияның аталған жағдайларды емдеудегі тиімділігі ғылыми дәлелденген медициналық әдіс ретінде мойындала ма және бұл бағытта қандай клиникалық ұсынымдар қолданылатынын сұрады.

– Министрлік остеопатиялық қызметтің нәрестелер мен балалардағы гипертонус, плагиоцефалия, сөйлеу дамуының кешеуілдеуі, босану жарақатының салдары сияқты жағдайларды емдеудегі тиімділігін ғылыми дәлелденген медициналық әдіс ретінде мойындамайды. Сондай-ақ оны қауіпсіздігі дәлелденген дербес медициналық әдіс деп есептемейді. Балаларға медициналық көмек көрсету кезінде дәлелді медицина принциптеріне негізделген клиникалық хаттамалар мен ұсынымдар қолданылады, - деді Жандос Әділхан.

Сонымен қоса ол Қазақстанда остеопатияның тиімділігі мен қауіпсіздігіне мемлекеттік бағалау жүргізілген-жүргізілмегенін түсіндірді.

– Остеопатия медициналық мамандықтар жүйесіне кірмейтіндіктен, министрлікте оның тиімділігі мен қауіпсіздігін растайтын мемлекеттік бағалау жүргізілгені туралы мәлімет жоқ. Бұдан бөлек, жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білім беру жүйесінде остеопатия бойынша біліктілікті арттыру бағдарламалары қарастырылмаған, - делінген жауапта.