«Global Finance» журналының сауалнамасы бойынша "Қазкоммерцбанк" ең үздік қазақстандық банк деп танылды
АЛМАТЫ. Наурыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Беделді экономикалық халықаралық журналдардың бірі саналатын «Global Finance» журналының сауалнамасы бойынша «Қазкоммерцбанк» АҚ Қазақстандағы 2009 жылдың үздік банкі деп танылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Global Finance» (www.gfmag.com) таратқан ресми ақпарат бойынша, журналдың мамыр айында шығатын санының эксклюзивті шолуында Қазкоммерцбанк Азияның дамушы мемлекеттер нарығындағы (Best Emerging Market Banks in Asia) үздік банктердің қатарынан табылуы сөз болады. Онда басылым редакторлары - өнеркәсіп саласының талдаушыларымен, корпоративті басшылар мен банк кеңесшілерінің қатысуымен 16-шы рет аймақтағы дамушы 20 мемлекеттің үздік банктерін таңдайды. Тізімге бұрынғы кеңестік республикалардың ішінен Қазақстаннан басқа Әзірбайжан, Армения, Грузия, Қырғызстан және Өзбекстанның үздік банктері еніп отыр. Оларды іріктеуде актив өсімі, пайдалылығы, стратегиялық қарым-қатынасы, клиенттерге қызмет көрсетуі, бәсекелестік бағасы және инновациялық технологиясы секілді критерийлер негізге алынған. «Global Finance» журналының шығарушысы Джозеф Джиаррапутоның айтуынша, клиенттер өздерінің банктегі әріптестерінен жоғары біліктілікті талап етеді. Ал үздік банктер дегеніміз ? ең құзырлы банктер. 22 жылдан бері шығарылып келе жатқан бұл басылымның әлемнің 158 мемлекетінде 50 мың жазылушысы және 180 мыңнан астам оқырманы бар. Олардың қатарында ірі халықаралық компанияларда және қаржылық институттарда инвестициялық және стратегиялық бизнес-шешімдерге жауапты қожайындар, жетекшілер, топ-менеджерлер, диллерлер, қазынашылар, қаржы директорлары бар.