Головкин FIBA-ның Бас хатшысымен кездесу өткізді

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин мен Халықаралық баскетбол федерациясының (FIBA) бас хатшысы Андреас Загклис арасында кездесу өтті. Бұл туралы ҰОК хабарлады. 

Головкин FIBA-ның Бас хатшысымен кездесу өткізді
Фото: ҰОК

Іс-шараға Қазақстан Республикасының Баскетбол ұлттық федерациясының президенті Абай Алпамысов та қатысты. 

Кездесу кезінде тараптар Қазақстандағы баскетболдың қазіргі даму деңгейін, ұлттық құрамалардың дайындық барысын, сондай-ақ 3х3 дисциплинасының даму перспективасын талқылады. Әсіресе, 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына баса назар аударылды. Аталмыш жарыста 3х3 баскетболынан ерлер мен әйелдер құрамаларының саны 8 командадан 12-ге дейін ұлғаятыны атап өтілді.

Басқосуда қазақстандық мамандар мен төрешілердің халықаралық турнирлерге қатысу мүмкіндігі, сондай-ақ олимпиадалық ынтымақтастық аясында жаттықтырушылар мен спорт менеджерлеріне арналған білім беру бағдарламаларын дамыту жеке мәселе ретінде талқыланды. 

Головкин FIBA-ның Бас хатшысымен кездесу өткізді
Фото: ҰОК

Андреас Загклис Қазақстанның баскетболды аймақтық деңгейде ілгерілету әлеуетін жоғары бағалап, институционалдық өсудің маңыздылығын атап өтті және FIBA тарапынан жергілікті спорттық бастамаларды жүзеге асыруда қолдау көрсетуге дайын екенін растады. 

Сонымен қатар қатысушылар Қазақстанның Лос-Анджелес-2028 Олимпиада ойындары қарсаңында ұлттық құрамаларды қолдауға бағытталған FIBA-ның жаңа бағдарламаларына қатысу мүмкіндігін де талқылады.

Бұған дейін Қазақстан ҰОК президентінің Регби федерациясының басшысымен кездескенін жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар