Головкин-«Канело» айқасы неше раундқа созылуы мүмкін - Бақтияр Артаев болжамы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстандық боксшы, 2004 жылғы Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев Геннадий Головкин мен Сауль Альварес жекпе-жегі туралы өз болжамын білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Боксшының айтуынша, екінші кездесуде Геннадийге үлкен мүмкіндік беріліп тұр.

«Өздеріңіз көргендей, көз арбасудағы «Канелоның» сабырсыздық танытуы, дәрі-дәрмек қолданбай, бұлшық еттерінің кішіреюі, қобалжып төзімнен айырылуы - мұның барлығы Геннадий үшін үлкен мүмкіндік. Оның үстіне Геннадий салмағын ретке келтіріп, бұрынғыдай ауыр соққымен алға ұмтылуға емес, жылдамдығын арттыруға күш салды. Сондықтан, Геннадийдің қарсыласына жылдам және нық, ауыр соққы беруін күтеміз. Осы жолы Геннадий Қазақстанға айқын басымдықпен жеңіс сыйлауы керек», - деді Бақтияр Артаев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатта.

Сонымен бірге, Артаев бірінші жекпе-жекте Геннадийге жылдамдық пен қулық жетіспегенін еске салды.

«Алдыңғы жекпе-жектегі GGG қателігі - қарсыласын құлатуға тырысуы еді. Баяу қозғалды, бар назарын ауыр соққыға бөліп, үлгермей жатты. Кішкене қулыққа салып, әуесқой бокстағыдай жылдамдыққа, тез соққы жасауға тырысуы керек еді. Осы жолы отандасымыз бәрін ескеріп, жылдамдығын арттырды, аяғына мән беріп жатыр. Аяқпен жұмыс істеу арқылы «Канелоны» бұрышқа тақап, шаршатып барып, нокдаун беретін сияқты. Екеуі 6-7 раундқа дейін тепе-тең келіп, 10-11 раундта немесе тіпті 9-раундта Геннадий «Канелоны» нокаутқа түсіруі мүмкін», - деді Артаев.

Сонымен бірге, Артаев «Ертеңгі кездесу Головкиннің соңғы жекпе-жегі болуы мүмкін бе?» деген сұраққа жауап берді.

«Өзінің және бауырларының сөзіне қарасақ, соңғы жекпе-жек болуы да мүмкін. Өйткені, сонша жыл спортта болу, сонша жыл бір қалыпта жүру - ағзаға үлкен ауыртпашылық.  Жылына 4-5 рет 85 келіден 72 келіге дейін салмақ тастау оңай емес. Ол да адам, оның да жеке өмірі бар. Ертеңгі кездесуде үлкен жетістікке жетсе, боксты қойса да жарасады. Шешімді әрине, өзі қабылдайды», - деді Бақтияр Артаев.

Соңғы жаңалықтар
telegram