14:16, 07 Мамыр 2017 | GMT +5
Головкин қазақстандықтарды Отан қорғаушылар күнімен құттықтады
АСТАНА. ҚазАқпарат - WBA Super, WBC, IBF және IBO нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин өзінің Instagram -дағы парақшасында отандастарын 7 мамыр - Отан қорғаушылар күнімен құттықтады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА.
Головкин қазақстандықтарды бүгінгі мерекемен құттықтай отырып, отандастарын Канеломен өтетін айқас туралы жақсы жаңалығымен қуантты.
«Қазақстандықтарды Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймын! Дәл осы күні отандастарымызды Канеломен болатын алдағы үлкен айқас туралы жақсы жаңалықпен қуанта алғанымызға дән ризамын. Қолдау танытқандарыңыз үшін алғысым шексіз», - деді Головкин.
Еске салайық, 6 мамыр күні Лас-Вегас қаласында орта салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы кіші Хулио Сезар Чавес пен WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы Сауль "Канело" Альварес айқасып, ұпай санымен "Канело" жеңімпаз атанды. Осы кеште мексикалық боксшы Альварес қазақстандық Геннадий Головкинмен 16 қыркүйек күні жұдырықтасатынын мәлімдеді.