Головкин World Boxing-ты реформалауға уәде берді: ашықтық пен адалдық - басты мақсат

АСТАНА. KAZINFORM – Геннадий Головкин World Boxing халықаралық федерациясының президенті болып сайланды. Осылайша ол халықаралық спорт ұйымын басқарған алғашқы қазақстандық атанып отыр.

Геннадий Головкин: Готов бороться за самое важное — будущее бокса
Фото: Kazinform

Дауыс беру нәтижесінде Г. Головкинның кандидатурасы бірауыздан қолдау тапты. Конгреске әлемнің 58 елінен ұлттық бокс федерациялары қатысты.

Рим қаласында World Boxing федерациясының президенті лауазымына кандидаттардың таныстырылымы өтті. Өзінің бағдарламалық сөзінде GGG ең маңызды құндылық бокстың болашағы үшін күресуге дайын екенін айтты.

Ол ұйымның адалдыққа, ашықтыққа және спортшыларға бағытталған басқаруға мұқтаж екенін атап өтіп, өзінің бағдарламасында төрт негізгі бағытты атап көрсетті. Олар спортшылар ең алдымен, адалдық, инновациялар, инновациялар және қаржылық тұрақтылық.

Геннадий Головкин
Фото: Нұрболат Әскербеков

Головкиннің айтуынша, федерация мүшелерінің қолдауы арқасында World Boxing Халықаралық Олимпиада комитетінің толық сенімін қайтара алады және бокстың Олимпиададағы орнын бекемдейді – тек Лос-Анджелес-2028 ойындарында ғана емес, болашақ барлық Олимпиадаларда сақталады.

– Мен бокстағы барлық кезеңнен өттім. Спортшы болдым, Олимпиада ойындарына қатыстым. Әлем чемпионы атандым. Бүгінде спорт басшысы ретінде қызмет етіп жүрмін. Мұнда ең маңыздысы – бокстың болашағы үшін күресу үшін келдім. Халықаралық Олимпиада комитеті Olympism365 комиссиясының мүшесі және World Boxing Олимпиадалық комиссиясының төрағасы ретінде білемін. Дұрыс басқару – спортшылар мен спортты қорғайтын негізгі фактор, – деді ол.

Головкин келесі жылдан бастап өз идеяларын жүзеге асыра бастайтынын, ұйым мүшелерін әрбір қадам бойынша хабардар етіп отыратынын жеткізді.

– Біз бүгін үлкен қадам жасадық. Спортшылар сенетін, Олимпиадалық отбасы құрметтейтін федерацияға айналуымыз керек. Мен адал, көп еңбек ететін және тиімді жұмыс істейтін көшбасшылар тобын құрамын. Өйткені лидерлік адамдардан үстем болу емес, олармен бірге тұру. Бірлік – ұран емес, біздің күнделікті жұмыс тәсіліміз болуы тиіс. World Boxing ашық, біріккен және спортшыға бағытталған ұйымға айналуы керек. Болашақты бірге құрайық, – деді Геннадий Головкин.

Ресми тағайындалғаннан кейінгі сөзінде ол әрбір боксшының әділ әрі қауіпсіз спортта өсіп, дамуын қалайтынын айтты.

Геннадий Головкин: Готов бороться за самое важное — будущее бокса
Фото: Kazinform

– Біз біріккен кезде, World Boxing бір отбасы ретінде алға жылжиды. Сөзбен емес, іспен дәлелдейміз – World Boxing Олимпиадалық отбасы сенім артатын федерацияға айналады. Біз тәуелсіз боламыз, бірақ Олимпиадалық құндылықтарды құрметтейміз, – деп атап өтті ол.

Айта кетейік, Геннадий Головкиннің өкілеттік мерзімі 3 жылға созылады.

Соңғы жаңалықтар