Google жасанды интеллект қуаты үшін SpaceX-ке айына $920 млн төлемек
АСТАНА. KAZINFORM – Google жасанды интеллект технологияларын дамыту үшін SpaceX компаниясының есептеу қуатын пайдалану жөнінде ауқымды келісім жасасты, деп хабарлайды BILD басылымы.
SpaceX компаниясының IPO құжаттарына сәйкес, келісімшарт құны айына 920 миллион долларды құрайды. Келісім осы жылдың қазан айынан бастап күшіне еніп, 2029 жылдың маусым айының соңына дейін жалғасады.
Google заманауи нейрожелілерді оқыту мен жұмысын қамтамасыз ету үшін қажет арнайы жасанды интеллект чиптерінің ірі кластеріне қол жеткізеді.
Осындай келісімді Claude модельдер топтамасын әзірлеген Anthropic компаниясы да жасаған. Оның ай сайынғы төлемі 1,25 миллиард доллар болады.
Генеративті жасанды интеллектінің дамуына байланысты есептеу ресурстарына сұраныс қарқынды өсіп келеді. Ірі технологиялық компаниялар деректер орталықтарын салуға, чиптер сатып алуға және инфрақұрылымды кеңейтуге ондаған, тіпті жүздеген миллиард доллар инвестициялап келеді.
Бұған дейін Google биылғы капиталдық шығындарын 190 миллиард долларға дейін жеткізуді жоспарлап отырғанын хабарлаған. Оның едәуір бөлігі жасанды интеллекті мен деректерді өңдеу орталықтарын дамытуға бағытталады.
Сонымен қатар SpaceX компаниясы NASDAQ биржасына шығуға дайындалып жатыр. Акцияларды орналастыру 12 маусымға жоспарланған.
Дереккөздердің мәліметінше, компания инвесторларға бір акциясы 135 доллардан 555 миллион жаңа акция ұсынбақ. IPO-ның жалпы көлемі 75 миллиард долларға жетуі мүмкін.
Егер бұл көрсеткіштер расталса, орналастыру әлемдік қор нарығы тарихындағы ең ірі IPO болмақ.
Бұған дейін Anthropic компаниясы 2027 жылға қарай жасанды интеллектінің бақылаудан шығып кету қаупі бар екенін ескерткен.