Грек фермерлері жолды бөгеп, MERCOSUR келісімінен бас тартуды талап етті

АСТАНА. KAZINFORM — Грек фермерлері үкіметтен субсидия беруді және Еуропалық Одақтың MERCOSUR елдерімен еркін сауда келісімінен бас тартуды талап етіп отыр, деп хабарлайды Report

Грек фермерлері жолды бөгеп, MERCOSUR келісімінен бас тартуды талап етті
Фото: Report

Олар автокөлік жолдарын жауып, көрші елдермен шекарадағы кеден бекеттерін қоршауды күшейтті. 

Фермерлер елде 6 қаңтарда өтетін шомылдыру рәсімінен кейін наразылық акциясын күшейту туралы шешім қабылдады.

Олардың айтуынша, 8-9 қаңтар күндері фермерлер Бралос бекетін трактор және көліктермен жабады. Осылайша олар Грекияны екіге бөлмек. Сонымен қатар Афина — Салоники ұлттық автожолын, Эгнатия, Иония, Сиатиста қаласының маңындағы тас жолдарда Батыс Македония және Пелопоннес түбегінде қиылыстарды жабуды жалғастырады. Сондай-ақ, Эвзони, Ники, Промахонас, Эксохи, Ормени және Кипи кеден бекеттерінде, сондай-ақ елдің біраз аудандарындағы кішігірім жолдарға блок қою жалғасады.

— Бейсенбі және жұма күндері біздің жалпы жұмылдыруымыз күшейеді. Сонда үкіметтің нақты диалог құруымыз үшін шешімдер ұсынуға мүмкіндігі болады. Егер олар қаласа, ертең-ақ бізді шынайы ұсыныстармен мағыналы диалогқа шақыра алады, осылайша біз үйге оралып, осы блок қоюды біржола тоқтата аламыз, — деді E65 автожолындағы бақылау-өткізу пунктінің өкілі Костас Целлас.

Былтыр қараша айында грекиялық теміржолшылар саладағы өзекті мәселелерді шешуді талап етіп, ел бойынша 24 сағаттық ереуілге шықты.