Грек кәсіподақтары 24 сағаттық ереуіл өткізуде

АСТАНА. Мамырдың 20-сы. ҚазАқпарат - Грекияның мемлекеттік және жекеменшік секторларының ірі кәсіподақтары үкімет жоспарлап отырған сақтандырушы зейнетақы жүйесіндегі өзгертулерге қарсы бүгін 24 сағаттық жалпыхалықтық ереуіл жариялады,

Грек  кәсіподақтары  24 сағаттық   ереуіл  өткізуде

деп хабарлайды ИТАР-ТАСС агенттігі.

Ереуілдің барысында мемлекеттік ведомстволар мен кәсіпорындар, банктер, салық инспекциялары, университеттер мен мектептер, соттар мен адвокаттық конторалар 1 тәулікке жұмыстарын тоқтатады. Ауруханалар науқастарды тек шұғыл жағдайларда ғана қабылдайды.

Афиныда барлық қоғамдық көлік бір тәулікке жұмыстарын тоқтатады, тек қала маңына қатынайтын электр пойызы ғана жергілікті уақыт бойынша сағат 10.00-нан 16.00-ға дейін жұмыс істейтін болады (мәскеу уақыты бойынша 11.00 мен 17.00-нің аралығында). Пойыздар да бір тәулікке қозғалыстарын тоқтатады, айлақтарда кемелер зәкірге тұрады. Ереуілге тек грек әуе диспетчерлері ғана қатыспайды.

Кәсіподақтар сақтандырушы зейнетақы жүйесіне іргелі өзгертулер енгізуге бағытталған Грекия үкіметінің заң жобасына наразылық білдіруде. Заң жобасы бойынша 2013 жылдан бастап зейнетақыны есептеудің бірыңғай жүйесі қарастырылып, сақтандырушы барлық қорды үш қорға - жұмысшылар мен қызметкерлердің, шаруалардың және еркін кәсіп иелерінің (дәрігерлер, адвокаттар, т.б.) қорларына біріктіруді белгілеп отыр. Сондай-ақ зейнет жасы 65 жасқа дейін көтерілмек. Зейнетке еркін шығу бағдарламасы алып тасталып, зейнетке мерзімінен бұрын шығып келген ауыр кәсіптердің тізімі өзгертілді.