Грек-рим күресі шеберлері Азия чемпионатын 1 алтын, 3 қоламен аяқтады

АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында грек-рим күресінен Азия чемпионаты қорытындыланды.

Грек-рим күресі шеберлері Азия чемпионатын 1 алтын, 3 қоламен аяқтады
Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Сары құрлық додасында ерлеген, әсіресе, Алматбек Аманбек болды. Ол 72 келіге дейінгі салмақта ирандық Мохаммад Джавад Саадат Резаидің жауырынын жер иіскетті.

Резаи биыл Тиранада (Албания) Мұхамет Малоны еске алуға арналған халықаралық турнирде топ жарған еді. Алматбек онда бесінші орынды місе тұтқан болатын. Қазақстандық балуан сонда кеткен есені Бішкекте қайтарды.

Қазақстан құрамасынан сондай-ақ Нұрсұлтан Тұрсынов, Ибрагим Магомадов және Ислам Евлоев қола жүлдеге ие болды.

Осылайша, грек-рим күресі шеберлері Азия чемпионатын 1 алтын, 3 қола жүлдемен тәмамдады. 

Жалпыкомандалық есепте Қырғызстан құрамасы көш бастады. Қырғызстандық төрт бірдей балуан Азия чемпионы атанды.

Қазақстан Иран мен Өзбекстаннан кейін төртінші орынға тұрақтады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық балуанның Азия чемпионатының финалына шыққанын жазған болатынбыз.