Грекия күйзелісі - бюджеттік үдерістердің тұрақтылығына назар аударуға үндейді

nbsp;АСТАНА. Мамырдың 4-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Әлемде айналшықтап тұрған дағдарыстың күші қайта бастағаны туралы болжамдар айтыла бастаған тұста Грекия күйзелісіне қатысты алаңдаушылық еуроаймақты ғана емес, бүкіл әлемді дүрліктіріп отыр. Бір топ сарапшылар дағдарыс шегін байқап, экономикалық өсімді көре бастағанымен екінші жақтан еуроаймақты тәлтіректетуге жақын құбылыс пайда болды. Әрине, жаһандық ықпалдасып, экономикалық кеңістікте өзара байланысып тұрғандықтан бұндай құбылыстың қай елге де қаупі баршылық. Оның үстіне бір елдегі күйзеліске тойтарыс болмаса дағдарыс толқыны Еуропа елдерін тұтас жалмайды деген сәуегей пікір де бар.
None
None

Жақында ғана еуроаймақ елдері мен Халықаралық валюта қоры 110 млрд. еуроны құрайтын Грекияға көмек топтамасын мақұлдады. Енді бұндай қомақты қаржыға қол жеткізудің қиындығы да сол - Афины билігі өз кезегінде мемлекеттік шығындарын 30 млрд. еуроға дейін қысқарту міндетін алады. Яғни, Грекиядағы ендігі басты проблема бюджетті теңдестіруге қатысты болып отыр. Бюджет шығыстары мен кірістерін теңдестіру проблемасынан ең басты жапа шегетін қарапайым жұртшылық, сол үшін де биліктің тұрақтандыру жоспарына қарсы акциялар күннен-күнге өршіп тұр. Бірақ, афинылықтардың басына түскен күйзелісті жеңетіндей Грекия билігінде басқа қауқар да, бюджеттік шығысты қысқартудан басқа балама жол да жоқ.

Сонымен бірге, қазірдің өзінде қатаң бюджеттік саясатты жүзеге асыру, ертеңгі тұрақтылық үшін бүгінгі тәуекел қиындықтарын бастан өткерудің оңайға түспейтіні белгілі болып отыр. Афины үкіметі әуелде өзі белгілеген әлеуметтік сұраныстарды қанағаттандырудан бас тартты, сонымен бірге қоғамдық тұрақтылықтан да айырылып қалу қаупі зорайған үстіне зорайып келеді. Бюджет шығыстарының қысқаруы туралы ақпарат тарағаннан бері қарапайым гректердің қарсылық акциялары әлі де толастаған емес.

Сарапшылар арасында Грекияның қатаң экономика шараларының «жемісті» болатынына күмәнмен қараушылар да баршылық. Дегенмен, қалың еуропа қазіргі таңда грекия экономикасын күйреуден құтқарудың қамына жұмылып отыр. Олай етпесе, еуроаймақта дағдарыстың екінші толқыны туатынын болжаушылар да табылған. Бұған Испания, Португалия мен Ирландия секілді мемлекеттердің экономикалық жағдайы да негіз болып отырған сыңайы бар.

Жалпы, қазіргі Грекияның басындағы жағдайдың басым бөлігі бюджеттік проблемалардан, бюджеттік жоспарлаудың қайшылығынан туындағаны белгілі. Расында, экономиканы басқаруда қордаланып қалған бірқатар мәселелер дағдарыстың алғашқы толқынында-ақ қалқып шыққан. Бір елде ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде экономикалық басқарудың жанаспайтын қарама-қайшылықтары әшкереленген еді. Мәселен, дағдарыс бір ғана Қазақстан экономикасының негізгі проблемасын - ондағы әртараптандырудың жоқтығын айқын көрсетіп берді. Еліміз бұдан үлкен сабақ та алды. Ендігі кезекте айналадағы жағдайды дұрыс бағамдаудың да маңызы артып отыр.

Бүгінгі Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің бюджет үдерістерінің тұрақтылығына баса мән беру туралы тапсырмасы да осы негізден туындайды. Үкімет басшысы Грекия жағдайын мысалға ала отырып, ондай жайттан сақтанудың маңыздылығын, бұл ретте еліміздің қазынасының кірісі қаншалықты болса, шығыны да соншалықты болатынын, одан артық шығындала алмайтынымызды атап көрсетті. «Бұған әрбір министрлік пен ведомствоның нақты жұмысын дұрыс ұйымдастыра алғанда ғана қол жеткізе аламыз. Алдымызға қойылған міндетті шешіп, келешек ұрпақтың қалтасына қол сұқпауға тиіспіз», деді К. Мәсімов. Сонымен бірге, Премьер-Министр стратегиялық, экономикалық және бюджеттік жоспарлау жұмысын жоғары деңгейде жүргізу қажеттігін де алға тартты. Үкімет басшысының пікірінше, кей-кейде бұл жұмыстар керексіз, тіпті дағдарысқа қарсы бағдарламамен, оның аясында жүзеге асырылған іс-шаралармен салыстырғанда соншалықты маңызды емес болып көрінуі ықтимал. Алайда, еліміздің бюджеттік үдерісінің тұрақтылығынан және орнықтылығынан база қалыптасады. Сондықтан бұл бағыттағы шараларды естен шығармаған жөн.

Осы ретте Үкімет басшысы К. Мәсімов Экономикалық даму және сауда министрлігіне Қаржы министрлігімен бірлесіп мамырдың 20-на дейін стратегиялық жоспарлауды әзірлеу үшін жаңартылған әдістемелік негізді дайындауды тапсырды. Оның айтуынша, стратегияық жоспар мемлекеттік органдар қызметінің барлық салаларын қамтымай, тек маңызды стратегиялық бағыттар мен мақсаттарға шоғырлануы тиіс. «Стратегиялық мақсаттарды, міндеттерді және көрсеткіштерді саралаудағы және қалыптастырудағы стратегиялық талапты қатаңдату қажет. Бұлардың саны шектеулі болуы тиіс. Бұдан бөлек, стратегиялық мақсаттар мен міндеттердің, нәтижелердің көрсеткіштері бюджеттік қаржылармен қабысуы шарт. Бастапқы кезеңде республикалық бюджеттің шығынына, олардың қажеттілігіне, негізділігіне, нәтижелігіне мұқият сараптама жүргізілуі тиіс. Алынатын нәтижелер мен шығындалатын бюджеттік қаржының сәйкестігіне кешенді бағалау жүргізу қажет. Бюджет шығыстарының тиімділігін арттыру түпкі мақсат болуы тиіс. Перспективада мұндай жұмысты жергілікті бюджеттер бойынша да жүргізу қажет», деді Үкімет басшысы.

Соңғы жаңалықтар