Грекияда 68 градустық аптап ыстық: билік тұрғындарды сақ болуға шақырды
АСТАНА. KAZINFORM — Грекияны қамтыған ыстық толқыны әлі де басылар емес. Елдің көптеген өңірінде ауа температурасы +40℃ деңгейінде сақталып тұр. Билік тұрғындарды күн өту қаупі жөнінде ескертіп, сақ болуға шақырды, деп жазды Euronews.

Грекияда бұл жай ғана ыстық емес — нағыз аптап. Көптеген аймақта термометр көрсеткіші 40 градустан асып кеткен. Әсіресе ірі қалаларда тұратын халық үшін жағдай өте ауыр.
Апта басында Афины муниципалитетінде жылу бейнелеу құрылғысымен жабдықталған дрон жол үстінде +68℃ температураны тіркеген. Билік күн өту қаупін еске сала отырып, тұрғындарға сусыз қалмауға, денені қызып кетуден сақтауға және үй ішіндегі салқындықты сақтау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға кеңес беріп отыр.
— Күннен қорғайтын крем, бас киім, желдеткіш, салқын су — міне, бұл аптаптан құтылудың негізгі құралдары, — дейді жергілікті тұрғын. Басқа әйел оған қосылып: «Суға түссең, өзіңді әлдеқайда жақсы сезінесің, — дейді.
Аптап, әсіресе, денсаулығында ақауы бар адамдар мен ашық ауада жұмыс істейтіндер үшін қауіпті. Олар үшін Еңбек министрлігі арнайы нұсқаулық таратты. «Біз күні бойы күннің астында жүреміз. Су бөтелкесі, жеміс-жидек, бет жуу — қолымыздан келетіні осы. Басқаша жағдайда жұмыс істеу мүмкін емес, — дейді жұмысшы.
Грекияда төтенше аптап тіркелді. Билік күннің қатты өту қаупі жөнінде ескертіп отыр.
Қызыл өрт қаупі дабылы
Сала мамандарының дерегі бойынша, Грекияның 11 өңірінде өрт қаупі өте жоғары. Орман шаруашылығы департаменті орман өрті мен оттың таралу қаупіне байланысты «қызыл дабыл» жариялады.
Өрт сөндіру қызметі жоғары дайындық режиміне көшті. Тұрғындарға шөп, бұтақ және қоқыс жағуға, ұшқын шығаратын құрылғылармен (мысалы, дөңгелек ара немесе дәнекерлеу аппараттары) жұмыс істеуге қатаң тыйым салынған. Сондай-ақ далада мангал немесе гриль жағуға болмайды.
Өрт сөндірушілер, әскери күштер мен полиция қауіпті аймақтарда әуеден патруль жүргізіп жатыр. Халықтан өрт немесе түтін байқалған жағдайда шұғыл қызметтерге дереу хабарлауды өтінді.
Ұлттық метеорологиялық қызметтің болжамы бойынша, аптап жексенбі күні Грекияның солтүстік-батысында бәсеңдей бастайды. Ал дүйсенбі күні елдің көп бөлігінде температура біртіндеп төмендейді деп күтіледі.
Еске сала кетейік, бұған дейін Испанияда аптап ыстық соңғы екі айда 1180 адамның өмірін жалмағанын жазған едік.