Грекияда билетсіз жүрген жолаушылар 100 еуроға дейін айыппұл төлейді

АСТАНА. KAZINFORM — Грекияның Афина және Салоники қалаларында қоғамдық көлікте билетсіз жүрген жолаушыларға салынатын айыппұл 100 еуроға дейін ұлғайтылды, деп хабарлайды euronews.

Алматыда жаңа автобус бағыты іске қосылады
Фото: Алматы әкімдігі

2026 жылғы 30 мамырдан бастап күшіне енген жаңа заңға сәйкес, жарамды билеті жоқ жолаушылар енді 100 еуро көлемінде айыппұл төлейді. Бұған дейін бұл көрсеткіш 72 еуроны құраған.

Ал жеңілдетілген тарифпен жүруге құқығы бар жолаушылар үшін айыппұл мөлшері 30 еуродан 50 еуроға дейін көтерілді.

Билік бұл шараны қоғамдық көліктегі билетсіз жүру деректерін азайту мақсатында енгізіп отыр.

Сонымен қатар, айыппұлдың жартысын ғана төлеу мүмкіндігі қарастырылған. Ол үшін жолаушы 10 күн ішінде кемінде 30 күнге арналған шектеусіз жол жүру картасын рәсімдеуі қажет. Мұндай жағдайда айыппұл 50 еуро шамасында болады.

Соңғы уақытта бақылаушылар қоғамдық көліктегі тексерістерді күшейткен. Әсіресе жолаушылар көп жүретін бағыттар мен туристер жиі пайдаланатын маршруттарға ерекше назар аударылып отыр.

Афинада қоғамдық көлікке арналған бірыңғай билет құны – 1,20 еуро (жеңілдікпен – 0,50 еуро). Ол 90 минут бойы жарамды және осы уақыт ішінде шексіз ауысып мінуге мүмкіндік береді.

Ал Салоникиде метро мен қалалық автобустарға арналған негізгі билет бағасы 0,60 еуро, жеңілдетілген тариф бойынша – 0,30 еуро.

Осыған дейін Грекияда 15 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге кіруіне тыйым салынатыны туралы жазған болатынбыз.