Грекияда ең төменгі жалақы 920 еуроға дейін өседі
АСТАНА. KAZINFORM – Грекия үкіметі ең төменгі жалақыны 2026 жылғы 1 сәуірден бастап 920 еуроға дейін көтеру туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Euronews.
Бұл туралы премьер-министр Кириакос Мицотакис министрлер кабинетінің отырысында мәлімдеді. Қазіргі кезде ең төменгі жалақы 880 еуроны құрайды, жаңа өзгеріс бойынша ол айына 40 еуроға өседі.
Үкіметтің мәліметінше, жалақының өсуі жеке сектордағы 575 мыңнан астам қызметкерге тікелей әсер етеді. Сонымен қатар бұл шешім мемлекеттік сектордағы үстемақылардың, әлеуметтік төлемдердің және ең төменгі жалақыға байланысты басқа да төлемдердің артуына ықпал етеді.
Билік 2027 жылға қарай ең төменгі жалақыны 950 еуроға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Ал 2028 жылдан бастап бұл көрсеткіш арнайы формула бойынша – экономикалық өсім мен инфляция деңгейіне қарай қайта есептеледі.
Сарапшылардың айтуынша, соңғы жылдары Грекия экономикасы дағдарыстан кейін біртіндеп қалпына келіп жатыр. 2019 жылдан бері ең төменгі жалақы шамамен 40 пайызға өскен.
Соған қарамастан, елде инфляцияның жоғары болуы тұрғындардың нақты табысының айтарлықтай өсуіне мүмкіндік бермей отыр. Энергетикалық дағдарыс пен халықаралық нарықтағы тұрақсыздық соңғы жылдары өмір сүру құнының қымбаттауына әсер еткен.
Eurostat дерегіне сәйкес, 2024 жылы Еуроодақтағы жан басына шаққандағы орташа жылдық табыс 21 582 еуроны құраған. Бұл көрсеткіш Люксембургте – 50 799 еуро, Данияда – 34 843 еуро, Австрияда 33 210 еуро болса, ең төменгі деңгей Болгария, Румыния және Мажарстанда тіркелген.
Грекияда жан басына шаққандағы орташа жылдық табыс шамамен 10 850 еуроны құрайды.
Айта кетейік, өткен жылдың соңында жұмыс күші тапшылығына байланысты Грекияның ЖІӨ өсімі тоқырағаны хабарланған болатын.