Грекияда кәсіподақтардың ереуілі салдарынан әуе қатынасы бір тәулікке тоқтатылды
Бұл ереуілге грек әуе диспетчерлері де қатысуда, сондықтан да бүгін елдегі барлық жергілікті және шетелдік әуе рейстері тоқтатылды немесе келесі күнге ауыстырылды, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС агенттігі.
Қоғамдық көлік құралдары да жұмыстарын бірнеше сағатқа тоқтатып отыр, ал теміржолдар бір тәулік бойы жұмыс істемейді, теңіз кемелері де зәкірлерін тастайды. Бүгінгі ереуілге жергілікті өзін-өзі басқару органдары мен банктердің қызметкерлері де, мұғалімдер, археологтар, дәрігерлер мен журналистер де қатысуда.
Афины ақпараттық агенттігі де сәрсенбі күні жергілікті уақыт бойынша сағат 06.00-дан бейсенбі күнгі сағат 6-00-ға дейін барлық хабарларды тоқтататынын мәлім етті.
Ал Грекия парламенті қызметкерлерінің қауымдастығы да «үкіметтің қатаң үнемдеу жөніндегі шараларына наразылық білдіруші Мемлекеттік қызметкерлер кәсіподақтарының жоғары кеңесінің ереуіліне қосылып», сағат 4.00 пен 11.00-дің аралығында - 7 сағатқа жұмыстарын тоқтататындарын мәлім етті.