Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Грекияда орман өртін сөндіру кезінде екі тікұшақ әуеде соқтығысты

АСТАНА. KAZINFORM — Оқиға Афинаның батысындағы Псата ауданында болған. Өрт сөндіру қызметінің мәліметінше, экипаж мүшелерін іздеп, көмек көрсету үшін құтқару жасақтары дереу жұмылдырылды, деп хабарлайды BILD.

Грекияда орман өртін сөндіру кезінде екі тікұшақ әуеде соқтығысты
Фото: BILD

Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, апат орман өртін өте күрделі жағдайда сөндіру кезінде болған. Тікұшақтардың бірінің экипажы құтқарылып, зардап шеккендер ауруханаға жеткізілген.

Қазір екінші тікұшақ экипажын іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Олардың жағдайы туралы әзірге ресми ақпарат жарияланған жоқ. Екі тікұшақ та Элефсин әскери әуе базасынан ұшып шыққан.

Биліктің мәліметінше, бірнеше күннен бері жалғасып жатқан Грекиядағы орман өрттері 12 мың гектардан астам аумақты шарпыған. Тілсіз жаумен күреске елдің әр өңірінде жүздеген өрт сөндіруші жұмылдырылған.

Айта кетейік, елде тілсіз жаумен арпалысқан үш өрт сөндіруші қаза тапты.