Грекиядағы ірі орман өрті өнеркәсіптік аймаққа зиян келтірді

АСТАНА. KAZINFORM — Грецияның Салоники қаласының маңындағы ірі орман өрті өнеркәсіптік аймаққа айтарлықтай зиян келтірді. Өрт қалдықтарды өңдеу зауыты мен тоқыма фабрикасына тарап, ал қою қара түтін бүкіл аймақты басып қалды, деп хабарлайды Анадолы.

Грекиядағы ірі орман өрті өнеркәсіптік аймаққа зиян келтірді
Фото: Анадолы

Грекияның өртке қарсы қызметінің мәліметінше, ірі орман өрті кеше кешке Ореокастро ауданында тұтанған. Қазір өрттің негізгі ошағының таралуы едәуір тежелгенімен, өрт сөндірушілердің басты күші өнеркәсіптік аймақтағы жалынды ауыздықтауға жұмылдырылды.

Қызыл жалынды сөндіруге 160 өрт сөндіруші, 5 жаяу бөлімше, 52 арнайы техника және біраз ерікті тартылған. Таң ата жұмысқа 2 амфибия ұшағы мен екі тікұшақ қосылды.

Билік өкілдерінің хабарлауынша, қалдықтарды қайта өңдеу зауытынан көтерілген қою қара түтін Салоник қаласының басым бөлігін жапқан. Ресми мәлімет бойынша түтін 20 шақырымнан астам аумаққа таралып, бүкіл қалада жанған пластиктің иісі сезіліп тұр.

Түтіннің ықтимал улы әсеріне байланысты билік тұрғындарды терезені жабық ұстауға, аса қажет болмаса сыртқа шықпауға шақырды. Сондай-ақ қарт адамдарға, балаларға және тыныс алу жолдары сырқаты бар азаматтарға ерекше сақ болу ескертілді.

Айта кетейік, Испаниядағы Коста-Брава жағалауында ірі орман өрті 750 гектар аумақты шарпыды.