Грекияның әуе кеңістігі уақытша жабық, ондаған рейс уақытынан кешіктірілді
АСТАНА. KAZINFORM - Жексенбі күні таң ата Грекияның әуе кеңістігінде ұшақтардың қозғалысы тоқтады, деп хабарлайды Euronews.
Басылымның хабарлауынша, алғашқы таратылған ақпараттарға қарағанда, радиожиіліктер бойынша ақаулар туындады. Соған байланысты Грекияның әуе кеңістігінде ұшақтардың қозғалысы тоқтатылды.
Нақтырақ айтқанда, ұшақтардың диспетчерлермен байланысын қамтамасыз ететін байланыс жүйесінің жұмысы бұзылды.
Дағдарыстың алғашқы сағаттарында негізінен халықаралық рейстердің қонуы қалыпты, қауіпсіз өтіп жатты.
Алайда, кейінірек ERT телеарнасы Грекия әуежайларына қонуы тиіс ұшақтардың өзге әуежайларға жіберіліп жатқаны туралы хабар таратты. Олардың көпшілігін негізінен Түркия әуежайлары қабылдады.
Азаматтық авиация басқармасы өкілінің хабарлауынша, Афины әуежайында ұшумен байланысты проблемалар пайда болған. Басқарма қызметкерлері жағдайдың мән-жайын анықтау үшін техникалық қызмет өкілдерімен жұмыс істеп жатыр.
Радиожиіліктердің өткізу қабілеті күрт қысқарды, яғни ұшақтар мен диспечерлік қызметпен байланысты жоқ.
- Әуелде басымдық әуедегі ұшақтарға қызмет көрсету болатын. Енді тек халықаралық рейстердің кейбірі ғана қабылданып жатыр,-деп хабарлады «Венизелос» әуежайындағы дереккөз.
Осыған дейін грекиялық теміржолшылардың ереуілге шыққаны туралы жаздық.