Грекияның бұрынғы премьер-министрі Ципрас жаңа партия құрды
АСТАНА. KAZINFORM — Грекияның бұрынғы премьер-министрі Алексис Ципрас 2027 жылғы парламенттік сайлауға бірнеше ай қалғанда «Грекияның солшыл альянсы» деген жаңа партияның құрылғанын жариялады, деп хабарлады ТАСС.
Ципрас азаматтардың басым бөлігіне қайтадан үн беру жолындағы алғашқы қадам жасалып отырғанын айтты.
— Біз әділетсіздік пен өрескел теңсіздік алдында үнсіз қалғымыз келмейді, сондықтан жақсы әлем құру жолындағы күш-жігердің бір бөлігі болғымыз келеді, — деді ол.
Оның айтуынша, партияның мақсаты — елді демократиялық әрі әлеуметтік тұрғыдан жаңғырту.
Партия декларациясында жаңа саяси күштің 7 қағидаты көрсетілген:
- қадір-қасиетпен өмір сүру;
- саясаткерлерге иммунитетсіз күшті демократия;
- әділ даму мен абыройға негізделген қуатты экономика;
- адам құқықтарын қорғайтын әлеуметтік мемлекет;
- тұрақты дағдарыстар жағдайындағы орнықты Грекия;
- цифрлық демократия мен егемендік;
- өз құқықтарын қорғай отырып, бейбітшілік көпірлерін құратын мықты Грекия.
Алексис Ципрас сыртқы саясат бағдарламасының егжей-тегжейін ашып айтпағанымен, партиясы күштінің құқығын емес, халықаралық құқықты мойындайтынын атап өтті.
— Сондықтан біз Кипрге заңсыз басып кіру мен оккупацияға да, аралды іс жүзінде бөлу жоспарларына да ешқашан келіспейміз, — деді ол.
Сондай-ақ Ципрас қазіргі грек үкіметін сынға алды. Оның айтуынша, елді банкротқа ұшыратқандар қайтадан билікке келген.
— Қарқынды геосаяси өзгерістер кезеңінде Грекияға бейбітшілік пен тұрақтылық тірегі ретіндегі рөлін күшейтетін жаңа ұлттық бағдар мен белсенді көпжақты сыртқы саясат қажет, — деді экс-премьер.
Алексис Ципрас 2015–2019 жылдары Грекияның премьер-министрі болды. Оның үкіметі кезінде ел халықаралық қаржылық көмек бағдарламаларынан шықты. 2019 жылы СИРИЗА партиясы парламент сайлауында жеңіліп, билікке оңшыл-орталық «Жаңа демократия» партиясы келді. Оның жетекшісі Кириакос Мицотакис премьер-министр болып тағайындалды.
26 мамырда жарияланған қоғамдық пікір сауалнамасына сәйкес, Ципрастың жаңа партиясы сайлаушылар қолдауы бойынша 12,8% көрсеткішпен екінші орынға шығуы мүмкін. Ал «Жаңа демократия» партиясының рейтингі 26,1% деңгейінде бағаланған. ПАСОК үшінші орынға түсуі ықтимал, ал СИРИЗА мен «Жаңа солшылдар» партиялары парламентке өтпеуі де мүмкін.
Айта кетейік, Грекия атом энергиясын өндіруі мүмкін.