Григорий Ломакин Астанадағы челленджер турнирінде чемпиондыққа таласады
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші Григорий Ломакин жұптық сында Астанада Президент кубогы аясында өтіп жатқан ATP Challenger турнирінің финалына жолдама алды.
Ресейлік Петр Бар-Бирюковпен бірге жұп құрған Г.Ломакин алғашқы айналымда италиялық Александр Бинда — өзбекстандық Сергей Фоминді жолдан тайдырды — 6:4, 5:7, 10:5.
Ломакин — Бар-Бирюков ширек финалда қытайлық Цзе Цуй — украиналық Вадим Урсуды қапы қалдырды — 6:2, 6:1.
Қазақстандық-ресейлік жұп жартылай финалда аргентиналық Лусио Ратти — қытайлық Фацзин Суньға қарсы келді. Бірінші партия 6:3 есебімен аргентиналық-қытайлық жұптың пайдасына шешілді. Бұдан кейін қазақстандық-ресейлік дуэт камбэк жасай білді — 7:6 (8:6), 10:8.
Бәсеке сағат жарымнан астам уақытқа созылды.
Григорий Ломакин — Петр Бар-Бирюковтың финалдағы қарсыластары кейін белгілі болады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Торонто турнирінің финалында есе жібергенін жазған едік.