Григорий Ломакин Қытайдағы турнирдің финалына жолдама алды
ОРАЛ. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші Григорий Ломакин жұптық сында Аньнин (Қытай) ITF M25 турнирінің финалына шықты.

Жарыстың 2-ракеткалары болып тіркелген қазақстандық спортшы таилық Вишайя Тронгчароенчайкулмен бірге 1/8 финалда қытайлықтар Динжен Нима – Женгу Сунның меселін қайырды – 6:4, 6:4.
Ширек финалда қазақстандық-таилық жұп корт иелері Ксируй Хань — Вейтао Сюйдан басым түсті – 6:2, 6:4.
Г.Ломакин – В.Тронгчароенчайкул жартылай финалда оңтүстіккореялықтар Сан-уи Шин – Сеонгбин Шимді жолдан тайдырды – 7:5, 3:6, 10:8. Бұл бәсеке 1 сағат 20 минутқа созылды.
Г.Ломакин жекелей сында екі сағатқа жуық уақытқа созылған матчта оңтүстіккореялық Ву Бин Шиннен 4:6, 4:6 есебімен жеңіліс тауып, ширек финалдан тыс қалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Жібек Құламбаеваның Германиядағы жарыстың жартылай финалына өткенін жазған едік.