Григорий Ломакин Үндістандағы турнирдің финалында ойнайды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық теннисші Григорий Ломакин жұптық сында Бангалор (Үндістан) челленджер турнирінің финалында өнер көрсетеді. 

Григорий Ломакин
Фото: sports.kz

Қазақстандық теннисші ресейлік Петр Бар-Бирюковпен бірге жартылай финалда үндістандықтар Адиль Калианпур — Мукун Сасайкумарды тықсыра алды.

Тартысты өткен матчта қос сет те тай-брейкпен аяқталды. Жеңіс 7:6 (7:4), 7:6 (7:4) есебімен Ломакин — Бар-Бирюковтың еншісіне жазылды.

Бір сағат 42 минутта біткен тартысты бәсекеде қазақстандық-ресейлік жұп 3 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Үндістандық дуэт 2 брейкпен (3 брейк-пойнт) ерекшеленді.

Осылайша, финалға шыққан Григорий Ломакин — Петр Бар-Бирюков үндістандықтар Сакет Минени — Ники Калияндамен чемпиондық атақты сарапқа салады. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшінің Үндістандағы жарыстың жартылай финалына шыққанын жазған едік.