Грузия GELt цифрлық лариін шығаруды жоспарлап отыр

АСТАНА. KAZINFORM – Грузия билігі елдің цифрлық валютасы GELt жобасын іске қосуды жоспарлап отыр. Жобаны халықаралық Tether компаниясы әзірлейді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Грузия GELt цифрлық лариін шығаруды жоспарлап отыр
Фото: Depositphotos

Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидзе инвестициялық жобаның таныстырылымында Tether-пен ынтымақтастық ел экономикасының дамуына жаңа серпін беретінін айтты.

Оның сөзінше, жоба тек қаржы саласын ғана емес, әлеуметтік және білім беру бағыттарын да қамтиды.

Кобахидзе серіктестіктің негізгі бағыттарының бірі грузин лариінің цифрлық баламасы — GELt шығаруға арналатынын атап өтті.

Оның айтуынша, шамамен 200 млрд доллар активті басқаратын Tether цифрлық технологиялар саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі саналады және дәстүрлі экономика мен цифрлық экономиканың арасындағы көпір қызметін атқарады.

Премьер-министрдің мәліметінше, компания Грузияда әртүрлі бағыттар бойынша ауқымды инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Сонымен қатар бұл әріптестік коммерциялық мүддеден бөлек, қоғамдық игілікке де бағытталған.

— Tether компаниясының Грузияға келуі халықаралық инвесторлар үшін маңызды белгі. Бұл біздің елге деген сенімнің артып келе жатқанын көрсетеді, — деді Ираклий Кобахидзе.

Грузия билігі Tether-пен серіктестікті цифрлық экономиканы дамыту, инновациялық қаржы құралдарын енгізу және халықаралық технологиялық компанияларды тарту стратегиясының бір бөлігі ретінде қарастырып отыр.

Бұған дейін қазақстандық компаниялардың Грузияда логистика және энергетика салаларындағы жобаларды жүзеге асырып жатқаны хабарланған еді.

Айта кетелік Қазақстан–Грузия: агроөнеркәсіптегі өзара сауда 116 млн долларға жеткен еді.