Грузия Қазақстанға 20 млн. доллар қарызын қайтармай отыр - Қаржы министрі

Бүгін Парламент Мәжілісіндегі «Мемлекеттік, мемлекеттік кепілдік берілген және квазимемлекеттік борышты басқару» атты тақырыпта өткен Үкімет сағатында Қаржы министрі Болат Жәмішев осылай мәлімдеді.
Қазақстанға сырт мемлекеттердің қарызы туралы мәселені айта келе, министр: «қазіргі уақытта біздің алдымызда Грузияның қарызы бар, бұл тәуелсіздік алғаннан кейін қалыптасқан қарыз», - деп атап өтті. «Қазіргі уақытта Грузия Париж клубының шешіміне сілтеп, өздерінің міндеттемелерін орындауды тоқтатып тұр. Өйткені Париж клубының талабына сәйкес, олар өздерінің қарыздарының құрылымын қайта қараған болатын. Осыны негізге алып, олар біздің алдымыздағы міндеттемелерді орындамай отыр. Бұл қарыз шамамен 20 млн. долларды құрайды және әлі де мәселе талқылану үстінде», - деді министр Б. Жәмішев.