Грузия Тбилисидегі Арсенали төбесінде жаңа үкіметтік қала салмақ
АСТАНА. KAZINFORM – Грузия үкіметі Тбилисидегі Арсенали төбесінде үлкен әкімшілік қала салу жобасын жариялады. Жоба аясында мемлекеттік органдардың басым бөлігі жаңа кешенге көшіріледі, деп хабарлайды Business Media.
Үкіметтің жоспарына сәйкес, Арсенали төбесіндегі 77 гектар аумақта жаңа әкімшілік орталық салынады. Мұнда Грузияның негізгі мемлекеттік мекемелері – министрліктер, елорданың мэриясы, Үкімет аппараты және Парламент ғимараты шоғырланатын болады.
Премьер-министр Ираклий Кобахидзе жобаны ішінара қаржыландыру мақсатында қазіргі министрлік ғимараттарының бір бөлігі сатылуы мүмкін екенін айтты.
«Бұл жобаны іске асыру әкімшілік инфрақұрылымды жаңартуға ғана емес, құрылыс және инвестициялық секторлардағы экономикалық белсенділікті арттыруға да мүмкіндік береді», – деді Грузия Үкіметінің басшысы.
Алғашқыда құрылыс алаңы ретінде Ортачала ауданы қарастырылған, алайда кейін мемлекет меншігіндегі ең ірі жер телімдерінің бірі – Арсенали төбесі таңдалды.
Жоба 282 750 шаршы метр жаңа кеңсе және әкімшілік орынжайларды қамтиды. Оның ішінде шаралар өткізуге арналған кемінде 10 000 шаршы метр аумақ қарастырылған.
Жоспар бойынша жаңа кешенге:
-
Тбилиси мэриясы (59 900 м²),
-
Парламент ғимараты (31 350 м²),
-
сондай-ақ бірқатар министрліктердің ғимараттары көшіріледі.
Әкімшілік орталықты толыққанды қамтамасыз ету үшін қосымша қызметтік және шаруашылық нысандар да салынады.
Грузия билігі бұған дейін Тбилисидің жаңа халықаралық әуежайының құрылысы басталғанын хабарлаған болатын. Сонымен қатар, биыл елде құны 300 млн АҚШ долларына бағаланған Грузия тарихындағы ең ірі спорттық нысанның салынатыны туралы жарияланған еді.